Қазақстанда екінші жолбарыс табиғатқа жіберілді
Қазақстанда жолбарыстарды тарихи мекеніне қайтару бағдарламасы аясында тағы бір жыртқыш табиғи ортаға жіберілді. Амур есімді жолбарыс «Іле-Балқаш» резерватына жіберілген екінші жануар атанды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
4 қарашада Астанада өткен баспасөз конференциясында Қазақстандағы жолбарыс популяциясын қалпына келтіру жобасының нәтижелері таныстырылды. Жиынға Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров пен Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Тимур Турлов қатысты.
Белгілі болғандай, 31 қазанда «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты аумағына Амур есімді жолбарыс жіберілген. Ал бұған дейін, 31 шілдеде Үміт атты ұрғашы жолбарыс табиғатқа шығарылған болатын. Осылайша Қазақстанда ұзақ жылдар бойы жүргізілген экологиялық жобаның алғашқы нақты нәтижелері көріне бастады.
Жолбарыстардың тарихи мекенін қалпына келтіру мақсатында 2018 жылы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылған. 2026 жылдың қаңтарында оның аумағы 450 мың гектарға дейін кеңейтілді. Қазір мұнда табиғи ортаны қалпына келтіру, жануарлардың тіршілік етуіне қолайлы жағдай жасау және қорек қорын көбейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, резерватқа 200-ден астам Бұқар бұғысы мен 140 құлан жерсіндірілген.
Министр Әлібек Қуантыровтың айтуынша, екі жолбарыстың табиғатқа жіберілуі – көпжылдық еңбектің алғашқы маңызды нәтижесі.
"Ендігі міндетіміз – жануарларға тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету, олардың табиғи мекендеу ортасын сақтау және қоректік базаны қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыру. Біздің түпкі мақсатымыз – Іле өзені атырауы мен Оңтүстік Балқаш өңірінде табиғи жағдайда өздігінен көбейе алатын тұрақты жолбарыс популяциясын қалыптастыру", – деді министр.
Биыл мамыр айында Ресейден Қазақстанға төрт Амур жолбарысы әкелінген. Олар – Амур, Үміт және Тұран мен Уссури есімді екі жолбарыс күшігі. Қазір Үміт жаңа ортаға бейімделіп, өздігінен аң аулай бастаған. Сондай-ақ ол тұрақты мекендейтін аумағын қалыптастырған. Мамандар жыртқыштардың қозғалысын спутниктік қарғыбаулар арқылы үздіксіз бақылап отыр. Ал Тұран мен Уссури арнайы жабдықталған қоршауларда өсіріліп, табиғи ортаға бейімделуде.
Жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы топ құрылған. Оның мүшелері жолбарыстардың қозғалысын қадағалап, тұрғындармен байланыс орнатады және адамдар мен жыртқыштар арасында болуы мүмкін қауіпті жағдайлардың алдын алады.
Жобаны жүзеге асыруға Freedom Holding Corp. компаниясы мен Freedom «Шапағат» корпоративтік қоры да атсалысып жатыр. Олардың қолдауымен қазақстандық мамандар Ресейде тәжірибеден өтіп, резерваттағы арнайы қоршаулар жабдықталған. Сондай-ақ жолбарыстарды Қазақстанға жеткізу жұмыстары ұйымдастырылған.
Тимур Турлов Қазақстанның табиғи байлығын сақтаудың маңызын атап өтіп, жолбарыстарды ел аумағына қайта жерсіндіру экологиялық болашақ үшін маңызды қадам екенін жеткізді. Өз кезегінде Әлібек Қуантыров бағдарламаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Ресей тарапына, БҰҰ Даму бағдарламасына, Дүниежүзілік табиғат қорына (WWF) және серіктес ұйымдарға алғыс білдірді.
Айта кетейік, жолбарыстарды Қазақстанға қайтару жобасының түпкі мақсаты – Іле өзенінің атырауы мен Балқаш көлінің оңтүстігінде өздігінен көбейіп, табиғи жағдайда тіршілік ете алатын тұрақты жолбарыс популяциясын қалыптастыру.