Қазақстанда екінші жолбарыс жабайы табиғатқа жіберілді
Қазақстанда жолбарыстарды тарихи мекеніне қайта жерсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр. 31 қазанда «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына Амур есімді аталық жолбарыс жіберілді. Бұл – елімізде жүзеге асырылып жатқан бағдарлама аясында табиғи ортаға қайтарылған екінші жолбарыс, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында іске асырылып жатыр.
Амур есімді жолбарысты табиғатқа жібермес бұрын мамандар оның денсаулығын жан-жақты тексерді. Сонымен қатар жыртқыштың аң аулау қабілеті, өздігінен қорек табуы және адамдарға қатысты мінез-құлқы бағаланды. Тексеру нәтижесінде жолбарыстың жабайы табиғатта өз бетінше тіршілік етуге дайын екені анықталған. Жануардың жаңа ортаға бейімделуін және қозғалысын қадағалау мақсатында оған спутниктік бақылау қарғыбауы тағылды.
Жолбарысты табиғатқа жіберу іс-шарасына экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, «Амур жолбарысы» орталығының бас директоры Сергей Арамилев, резерват қызметкерлері мен табиғатты қорғау саласының мамандары қатысты.
Бұған дейін, 31 шілдеде, Үміт есімді аналық жолбарыс табиғи мекеніне жіберілген болатын. Мамандардың мәліметінше, ол резерват аумағына біртіндеп бейімделіп, өздігінен аң аулай бастаған.
Айта кетейік, Қазақстанның жабайы табиғатында жолбарыстар 70 жылдан астам уақыт бойы кездеспеген. Жыртқыштарды тарихи мекеніне қайтару үшін елімізде бірнеше жылдан бері ауқымды экологиялық жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, 2018 жылы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Содан бері бұл аумақта табиғи экожүйені қалпына келтіру, жануарлардың қоректік қорын көбейту және табиғатты қорғауға қажетті инфрақұрылымды дамыту қолға алынды.
Бағдарлама шеңберінде резерватқа Бұқар бұғылары мен құландар әкелінді. Мәселен, 2026 жылғы қыркүйекте «Алтын-Емел» ұлттық табиғи паркінен 30 құлан жеткізілген. Бұл жұмыстар жолбарыстардың табиғи ортада қорек табуына қажетті жағдай қалыптастыруды көздейді.
Жобада жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылған. Адамдар мен жыртқыштар арасында болуы мүмкін қақтығыстардың алдын алу үшін арнайы мамандар тобы құрылған. Олар жолбарыстардың қозғалысын бақылап, тұрғындармен байланыс орнатады және қажет жағдайда жедел әрекет етеді.
Мамандардың айтуынша, жолбарыстарды қайта жерсіндіру – Қазақстандағы табиғи экожүйені қалпына келтіруге бағытталған ұзақ мерзімді бағдарламалардың бірі. Алдағы кезеңде жыртқыштардың жаңа ортаға бейімделуін бақылау және олардың тұрақты популяциясын қалыптастыру жұмыстары жалғасады.