BASPASOZТолық нұсқа
Ғылым

Қазақстандағы ММУ филиалы 25 жылдық мерейтойын атап өтті

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Астанада М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының 25 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шарада оқу орнының ширек ғасырдағы жетістіктері қорытындыланып, Қазақстан мен Ресей арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

2001 жылы ашылған оқу орны ММУ-дің шетелдегі алғашқы филиалы саналады. Осы уақыт ішінде университет 3 мыңнан астам маман даярлап, еліміздегі ғылыми-білім беру орталықтарының біріне айналды.

Мерейтойлық жиында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек оқып берді. Мемлекет басшысы филиалдың білікті мамандар даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және екі ел арасындағы академиялық байланысты нығайту ісіндегі рөлін жоғары бағалады.

Президент құттықтауында университет түлектерінің елдің ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруға үлес қосып жүргенін атап өтті. Сондай-ақ филиалдың жаңа идеялар мен инновациялық жобалар жүзеге асырылатын маңызды білім ордасына айналғанына тоқталды.

Ресей Президенті Владимир Путиннің құттықтауын Ресейдің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі А. Комаров жеткізді. Құттықтауда университет филиалының ашылуы екі мемлекет арасындағы достық пен өзара ынтымақтастықтың маңызды нәтижесі екені айтылды.

Жиында сөз алған Саясат Нұрбек оқу орнының 25 жыл ішінде қалыптасқан ғылыми әлеуетіне ерекше назар аударды. Министрдің айтуынша, филиал дәстүрлі университеттік білім беру жүйесін заманауи зерттеу әдістерімен ұштастырып, жастардың ғылымға қызығушылығын арттыруға ықпал етіп келеді.

Қазіргі таңда филиалда 14 ғылым докторы, 21 ғылым кандидаты мен PhD докторы жұмыс істейді. Студенттердің ғылыми дайындығына Мәскеу мемлекеттік университетінің жетекші ғалымдары қатысады. Үшінші курстан бастап білім алушылар ММУ кафедраларында маманданып, ғылыми жобаларға араласуға мүмкіндік алады.

Оқу орнында математикалық модельдеу, жасанды интеллект, деректерді талдау, экология, медиалингвистика, экономика және мемлекеттік басқару бағыттары дамытылып жатыр. Магистратура бағдарламаларын Қазақстанның ғылыми-технологиялық сұранысына бейімдеу де басым міндеттердің бірі болып отыр.

Бүгінде филиал түлектері мемлекеттік мекемелерде, ғылыми ұйымдарда, қаржы секторында және ірі компанияларда қызмет атқарады. Мерейтой барысында білім және ғылым саласына үлес қосқан қызметкерлерге ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық наградалары мен ММУ марапаттары табысталды. Университет ректоры Виктор Садовничий қатысушыларға бейнеқұттықтау жолдады.

Сонымен қатар оқу орнының алдағы даму жоспары таныстырылды. Филиалдың жаңа ғимаратта жұмыс бастауы ғылыми зерттеулерді кеңейтуге, заманауи орталықтар ашуға және отандық ұйымдармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашпақ.

Мерейтой аясында «Іргелі ғылым және заманауи білім беру: ММУ-дің Қазақстандағы филиалына 25 жыл» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Оған қатысқан ғалымдар мен білім саласының өкілдері ғылым мен жоғары білім берудің өзекті мәселелерін талқылады.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары