BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Қазақстандық депутат Түркі әлеміндегі жастар мәселесін көтерді

Дана Зарылханқызы
https://t.me/quryltairesmi
Бөлісу Telegram

Түркия астанасы Анкарада өткен халықаралық жиында Түркі мемлекеттері арасындағы жастар байланысын нығайту және парламенттік дипломатияны дамыту мәселелері талқыланды. Басқосуға Құрылтай депутаты Бекжан Айтқұлов қатысты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

«Түркі әлеміндегі жастар және парламенттік дипломатия» тақырыбындағы шарада жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар, олардың білім алуына, кәсіби дамуына және халықаралық тәжірибе жинауына мүмкіндік беретін бастамалар сөз болды.

Жиында сөз алған Бекжан Айтқұлов Түркі әлемінің болашағы білімді, ізденімпаз әрі жауапкершілігі жоғары жас буынның қолында екенін атап өтті. Оның айтуынша, түркі елдері арасындағы байланысты нығайту үшін жастардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына, бірлескен ғылыми жобаларға қатысуына және шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуына жағдай жасау қажет.

Депутат Қазақстанда жастарды қолдауға бағытталған бірқатар жобаның жүзеге асырылып жатқанын да жеткізді. Атап айтқанда, «Жасыл ел», «Тәуелсіздік ұрпақтары» және «Дарын» бағдарламаларының жас азаматтарды еңбекке баулуға, олардың шығармашылық қабілетін шыңдауға және кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруға көмектесетінін айтты.

Сонымен қатар Бекжан Айтқұлов Қазақстанның мемлекеттік жастар саясаты саласындағы тәжірибесін таныстырып, білім мен ғылым бағытындағы халықаралық әріптестікті кеңейтудің маңыздылығына тоқталды.

Халықаралық кездесу аясында қатысушылар Түркі мемлекеттері арасындағы жастар ынтымақтастығын жандандыру, ортақ бастамаларды қолдау және парламенттер арасындағы байланысты нығайту жолдарын қарастырды.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары