BASPASOZТолық нұсқа
Аймақ

Қостанай облысында алты су қоймасы жаңғыртылады

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Қостанай облысында су тасқынының алдын алу және су шаруашылығы нысандарының қауіпсіздігін күшейту мақсатында алты су қоймасын қайта жаңарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңір тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Министр Қарабалық ауданына жұмыс сапарымен барып, жергілікті халыққа облыста жүзеге асырылып жатқан су шаруашылығы жобалары туралы айтып берді.

Ведомство мәліметінше, көктемгі тасқынға дайындық барысында өңірдегі алты гидротехникалық нысан жөнделіп, қайта жаңартылған. Ал Қарасу ауданында ұзындығы 14,2 шақырым болатын су бұру каналының құрылысы жалғасып жатыр. Сонымен қатар Жангелдин ауданындағы «Албарбөгет» бөгетін жаңарту жұмыстары толық аяқталды. Бұл нысан жақын орналасқан ауылдарды су басу қаупінен қорғауға және мал шаруашылығына қажетті жемшөп қорын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өңірдегі ірі су қоймалары жаңартылады

Қазіргі уақытта Су шаруашылығы комитеті Қостанай облысындағы алты су қоймасын қайта жаңартуға арналған жобаларды әзірлеп жатыр. Олардың қатарында өңірдегі ең ірі Жоғарғы Тобыл және Қаратомар су қоймалары бар.

Аталған екі нысанда су деңгейі мен техникалық жағдайды қадағалауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған бақылау жүйесі сынақтан өткізіліп жатыр. Жоба Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылуда. Жаңа жүйе су қоймаларындағы өзгерістерді дер кезінде анықтап, тасқын қаупі туындаған жағдайда шұғыл әрекет етуге көмектеседі.

Бұдан бөлек, елді мекендердің қауіпсіздігін арттыру үшін төрт су қоймасына жергілікті ескерту жүйелері орнатылған. Алдағы уақытта Тобыл, Шортанды және Торғай өзендерінің кейбір бөліктерін тазарту жұмыстары жүргізілмек.

Министр су тасқынының алдын алуға басымдық берілетінін айтты

Нұржан Нұржігітовтің сөзінше, басты міндет – су тасқыны болғаннан кейін оның зардабын жоюмен шектелмей, қауіптің алдын алатын тиімді жүйе қалыптастыру.

«Біздің мақсатымыз – су тасқынының салдарын жоюға ғана емес, оның алдын алуға да бағытталған орнықты жүйе қалыптастыру. Ол үшін басталған жобаларды уақытылы аяқтау, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін тұрақты бақылау және әрбір нысанның тиісті деңгейде пайдаланылуын қамтамасыз ету маңызды», – деді министр.

Ол бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі болуы үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, су инспекциялары мен су пайдаланушылардың бірлесіп әрекет етуі қажет екенін атап өтті.

Кездесу барысында Қарабалық ауданының тұрғындары Тоғызақ өзенінің арнасын тереңдету, су қорғау аймақтарын белгілеу және су құбырларын жаңарту мәселелерін көтерді. Сондай-ақ министр азаматтарды жеке қабылдап, жерасты суын пайдалану, егістікті суару және арнайы су пайдалануға рұқсат алу тәртібіне қатысты сауалдарына жауап берді.

Жиын қорытындысында жауапты мекемелердің басшыларына тұрғындар көтерген мәселелерді қарастырып, тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары