Қызылорда облысында тағы екі ауылға табиғи газ берілді
Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр және Ү. Түктібаев ауылдарына табиғи газ жеткізілді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Екі елді мекенді газ желісіне қосу нәтижесінде жүздеген отбасы көгілдір отынды пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Атап айтқанда, Жанқожа батыр ауылында 283 үй, 6 әлеуметтік мекеме мен 7 кәсіпкерлік нысан табиғи газбен қамтылады.
Ал Ү. Түктібаев ауылында 325 тұрғын үйге, 4 әлеуметтік мекеме мен 3 кәсіпкерлік нысанға газ жеткізіледі.
Ведомство мәліметінше, былтыр Қызылорда облысында 11 елді мекенге табиғи газ тартылып, өңір тұрғындарын газбен қамту көрсеткіші 83 пайызға жеткен. Биыл жыл соңына дейін "QazaqGaz Aimaq" АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы бойынша тағы бірнеше ауылға газ жеткізу көзделіп отыр. Жоспар орындалса, облыстағы газдандыру деңгейі 85 пайызға дейін өседі.
Елімізде газ құбырларын тарту жұмыстары өзге өңірлерде де жалғасуда. Биыл осы бағытта 40 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның жетеуі өткен жылдан жалғасқан жұмыстар болса, қалған 33-і – жаңадан қолға алынған жобалар.
Энергетика министрлігінің болжамынша, аталған жобалар аяқталғаннан кейін ел бойынша тағы 36 мыңға жуық тұрғын табиғи газды пайдалана алады.