Астаналық оқушылар суды үнемдеуді тәжірибе арқылы үйреніп жатыр

Астаналық оқушылар суды үнемдеуді тәжірибе арқылы үйреніп жатыр
Gov.kz

Астанада мектеп оқушыларына суды үнемдеу мен тиімді пайдалануды үйрететін интерактивті сабақтар өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Сабақтар министрліктің бастамасымен қолға алынған Aqua Lab білім беру бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Жобаны "Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы" КЕАҚ пен Caravan of Knowledge корпоративтік қоры бірлесіп жүзеге асырып жатыр.

Бағдарламада балалардың алған білімін тәжірибе жүзінде қолдануына басымдық берілген. Оқушылар "Су детективі" және "Жорық жағдайында су сүзгісін жасау" бағыттары бойынша суды тазарту жолдарымен танысады. Олар өз қолдарымен сүзгі жасап, оның қалай жұмыс істейтінін тексереді.

Сонымен қатар оқушылар Aqua Lab зертханасының құралдарын пайдаланып, суға қатысты түрлі тәжірибе жүргізеді. Өлшеу нәтижелерін қағазға түсіріп, бір-бірімен салыстырады. Ал бұл бағытқа қызығушылық танытқан балалардың Aqua Lab үйірмесінде білімін жалғастыруына мүмкіндік бар.

"Біз әр баланың алған білімін үйде де, мектепте де қолдана алуына мүмкіндік беру үшін практикалық оқытуға басымдық береміз. Балалар бойында суды үнемдеу дағдыларын неғұрлым ерте қалыптастырсақ, болашақ ұрпақтың еліміздің су ресурстарына деген жауапкершілігі де соғұрлым жоғары болады", – деді "Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы" КЕАҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла.

Шеберлік сабақтары Астанадағы "Таным" көпфункционалды орталығында өтіп жатыр. Жобаға Coca-Cola компаниясы мен қалалық Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру әдістемелік орталығы қолдау көрсетуде.