BASPASOZТолық нұсқа
Аймақ

Қызылорда облысындағы ауылға жоғары жылдамдықты интернет қосылды

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Қызылорда облысының Шалқия ауылында алғашқы тұрғын үйлер жоғары жылдамдықты интернетке қосылды. Енді ауыл тұрғындары секундына 100 Мбит жылдамдықтағы интернетті пайдалана алады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Шалқия – Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Дүниежүзілік банк бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру» жобасы аясында интернетке қосылған алғашқы ауыл.

Бастаманың негізгі мақсаты – ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерін кеңейтіп, тұрғындарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету. Бұл ауыл халқының мемлекеттік қызметтерді онлайн алуына, қашықтан білім алуына және кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік береді.

Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембековтің айтуынша, ауылдарды жылдам интернетпен қамту – қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты азайтудың маңызды қадамы.

«Шалқия ауылындағы алғашқы үй шаруашылықтарын интернетке қосу – бұл жұмыстың іс жүзіндегі нәтижесі. Біздің мақсатымыз – ауыл тұрғындары да қала тұрғындарымен бірдей жоғары жылдамдықты интернетті толыққанды пайдалана алуы», – деді ол.

Дүниежүзілік банк тобының цифрлық даму жөніндегі аға маманы, жоба жетекшісі Наталия Гельвановска-Гарсия да бұл бастаманың маңызын атап өтті. Оның сөзінше, тұрақты әрі сапалы интернет ауыл тұрғындарына білім алу, кәсіп ашу және жаңа технологияларды пайдалану тұрғысынан қосымша мүмкіндіктер береді.

2027 жылға дейін 1123 ауыл интернетпен қамтылады

Жоба аясында 2026–2027 жылдары еліміздегі 1123 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жоспарланып отыр. Нәтижесінде 445 мыңнан астам үй шаруашылығы, яғни шамамен 2,3 миллион адам жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді деп күтілуде.

Жоспар бойынша жаңа байланыс желілерінің жалпы ұзындығы 3,8 мың шақырымға жуықтайды. Сонымен қатар жобаға енген ауылдардағы тұрғын үйлердің кемінде 80 пайызын жоғары жылдамдықты интернет инфрақұрылымымен қамту көзделген.

Интернет желісін тарту қалай қаржыландырылады?

Байланыс желілерін салу жұмыстары операторлардың өз қаражаты есебінен жүргізіледі. Құрылыс аяқталғаннан кейін мемлекет олардың расталған күрделі шығындарының 50 пайызына дейінгі бөлігін қайтарымсыз грант арқылы өтейді. Жобаға қатысатын байланыс операторлары ашық конкурс негізінде таңдалады. Бұл компаниялар үшін тең жағдай жасап, қаржының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Мамандардың пікірінше, жобаның жүзеге асуы ауыл тұрғындарының интернетке қолжетімділігін арттырып қана қоймай, өңірлерде білім беру, кәсіпкерлік және цифрлық қызметтердің дамуына да жол ашады.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары