Мемлекеттік грантты өтеу: Түлектер қандай жағдайда оқу ақысын қайтарады?
Қазақстанда мемлекеттік грантпен білім алған түлектер заңда белгіленген жағдайларда міндетті еңбек өтеуден өтуі тиіс. Қандай жұмыс түрлері есепке алынады, жұмыс табылмаса не істеу керек және қай кезде мемлекетке оқу ақысын қайтаруға тура келеді? Бұл сұрақтарға «Қаржы орталығы» жауап берді, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Грантты өтеу мерзімі қанша жыл?
Мемлекеттік грантты өтеу тәртібі түлектің мамандығына және грант санатына байланысты.
Педагогикалық мамандықтарды бітіргендер білім беру ұйымдарында кемінде үш жыл жұмыс істеуі тиіс. Медициналық бағыттағы түлектер де денсаулық сақтау мекемелерінде үш жыл еңбек етуге міндетті.
Ал ауыл квотасымен оқыған азаматтар тиісті мамандығы бойынша ауылдық жердегі ұйымдарда жұмыс істеуі қажет. Жұмыс берушінің мемлекеттік немесе жекеменшік болуы маңызды емес. Негізгі талап – мекеменің ауылдық жерде орналасуы.
«Серпін» бағдарламасының түлектері белгіленген өңірлерде екі жыл еңбек етуі керек.
Қалада жұмыс істеген түлекке 3,6 млн теңге қарыз есептелген
Мемлекеттік грантты өтеу талаптарын толық білмеу түлектерге қаржылық қиындық туғызуы мүмкін.
Мәселен, ауыл квотасымен білім алған түлектердің бірі университеттен кейін журналистика саласында жұмыс істеп, кейін Қызылордадағы жекеменшік мектепке мұғалім болып орналасқан.
Алайда «Қаржы орталығы» оның қаладағы еңбек өтілін есепке алмаған. Себебі ауыл квотасының шарты бойынша түлек ауылдық жерде жұмыс істеуге тиіс болған. Кейін оған оқу шығыны үшін шамамен 3,6 млн теңгені қайтару талабы қойылған. Іс сотқа жетіп, заңгері түлектің жұмыс істегенін және ауылдан лайықты қызмет табуда қиындықтар болғанын дәлелдеген. Нәтижесінде сот берешек сомасын 2,6 млн теңгеге дейін азайтқан.
Жұмыс табылмаса не істеу керек?
Жоғары оқу орнын биыл аяқтаған түлектер 1 қыркүйекке дейін жұмыс орнына баруы тиіс. Ал оқуын басқа уақытта тәмамдағандар екі ай ішінде еңбекке орналасуы қажет. Егер мамандығы бойынша бос жұмыс орны болмаса, түлек мансап орталығына жүгініп, жұмыс іздеуші немесе жұмыссыз ретінде ресми тіркеле алады.
Белгіленген талаптар сақталған жағдайда бұл кезең міндетті еңбек өтеу мерзіміне есептелуі мүмкін.
Жұмыс ауыстырған түлектерге де нақты талаптар қойылады. Қызметінен кеткен азамат 30 күнтізбелік күн ішінде қайта жұмысқа орналасу мәселесін шешуі қажет. Егер жаңа жұмыс табылмаса, мансап орталығына тіркелгені жөн.
Еңбек өтілін растау үшін еңбек шартын, зейнетақы аударымдары туралы мәліметтерді және басқа да қажетті құжаттарды сақтау маңызды.
Магистратура грантты өтеуден босата ма?
Қазақстандағы жоғары оқу орындарының магистратурасы немесе докторантурасын аяқтаған азаматтар заңда көзделген жағдайларда бұрынғы грантын өтеу міндетінен босатылуы мүмкін. Бұл жөніндегі шешімді арнайы комиссия қабылдайды.
Ал шетелде магистратура немесе докторантурада оқу міндетті еңбек өтеуді автоматты түрде жоймайды. Мұндай жағдайда кейінге қалдыру қарастырылуы мүмкін, бірақ оқу аяқталған соң бұрынғы міндеттеме қайта жалғасады.
Қандай жағдайда оқу ақысын қайтаруға тура келеді?
Егер түлек міндетті еңбек өтеу талабын орындамаса және заңды түрде босатуға негіз болмаса, мемлекет оның оқуына жұмсалған қаражатты қайтаруды талап ете алады. Қайтарылатын сома өтелмеген мерзімге пропорционалды есептеледі. Яғни түлектің нақты қанша уақыт жұмыс істегені ескеріледі.
«Қаржы орталығы» мамандары студенттерге грант шарттарын оқу кезінде нақтылап, жұмысқа орналасқаннан кейін тиісті құжаттарды уақытында тапсыруды ұсынады.
Айта кетейік, «Қаржы орталығы» АҚ мәліметінше, 2012–2025 жылдар аралығында Қазақстанда 357 706 азамат мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жоғары білім алған.