Нобель сыйлығын алған топтың мүшесі Қазақстанда құрметті профессор атанды
Мажарстандық ғалым, топырақтану және климаттық зерттеулер саласының маманы Йожеф Жембел Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің құрметті профессоры атанды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Ғалымға мәртебелі атақ «Ауыл шаруашылығы және климатты қорғау» атты II халықаралық конференция барысында табысталды. Іс-шараға Қазақстан мен Мажарстанның ғалымдары, ауыл шаруашылығы және климат саласының сарапшылары қатысты.
Йожеф Жембел Мажарстанның Ауыл шаруашылығы және өмір туралы ғылымдар университетінің (MATE) өкілі. Сонымен қатар ол Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде сеньор-лектор болып жұмыс істейді. Ғалым екі ел арасындағы ғылыми байланысты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және аграрлық сала мамандарын даярлауға атсалысып келеді.
Қазіргі уақытта Йожеф Жембел Мажарстанның Карцаг қаласындағы Климаттық зерттеулер институтын басқарады. Оның ғылыми еңбектері топырақтағы көміртек мөлшерін зерттеуге, ауыл шаруашылығынан бөлінетін парниктік газдарды бағалауға, құрғақшылықтың зардабын азайтуға және егіншілікті климат өзгерісіне бейімдеуге бағытталған.
Айта кетейік, ғалым Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының (IPCC) ғылыми жұмысына қатысқан. Бұл халықаралық ұйым 2007 жылы климаттың өзгеруі туралы ғылыми білімді дамытуға және таратуға қосқан үлесі үшін Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын иеленген.
Мажарстандық зерттеушінің еңбектері көміртекті егіншілік технологияларын дамыту үшін де маңызды. Мұндай тәсілдер топырақ құнарлылығын сақтауға, климаттық қауіптерді төмендетуге және шаруаларға қосымша табыс көздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Халықаралық конференцияда мамандар ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту, су қорын үнемдеу, топырақ сапасын жақсарту және көміртек несиесі нарығын қалыптастыру мәселелерін қарастырды.
Сондай-ақ Мажарстанның International Climate Change Solutions (ICCS) компаниясы Қазақстанда климатқа бейімделген агротехнологияларды енгізу және аграрлық салаға инвестиция тарту бағытында бастамалар жүзеге асырып жатқаны айтылды.
Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті шетелдік ғылыми ұйымдармен серіктестікті кеңейтіп, жаңа технологияларды ауыл шаруашылығына енгізу және отандық агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуына қолдау көрсету жұмыстарын жалғастырып келеді.