Нұралхан Көшеров Келес тұрғындарының мәселелерін тыңдады
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Келес ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің даму барысы мен алдағы жоспарларды талқылады. Жиында халықтың ұсыныс-пікірлері де тыңдалды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Кездесуде облыс әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды. Биылғы тоғыз айда Келесте жалпы өңірлік өнім көлемі 139,9 млрд теңгеге жетіп, былтырмен салыстырғанда 48,4 пайызға артқан. Өнеркәсіп өнімдері 6,1 млрд теңгені, инвестиция көлемі 41,9 млрд теңгені құрады. Ал ауыл шаруашылығы саласында 77,2 млрд теңгенің өнімі өндірілген.
Нұралхан Көшеров ауданның шекараға жақын орналасуы, ауыл шаруашылығына қолайлы жері мен еңбек ресурстары экономиканы дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Ауданда инфрақұрылымды жақсарту бағытында да бірқатар жоба жүзеге асырылған. Өткен жылы жеті елді мекендегі 21 көше жөнделіп, Абай және Біртілек ауылдарында жаңа мектептер ашылды. Сонымен қатар спорт кешені, мәдениет үйі мен кітапхана пайдалануға берілді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша аудандағы 83 елді мекеннің 79-ы ауыз сумен, 61-і табиғи газбен, 81-і электр қуатымен қамтылған. Биыл тағы екі ауылда газ құбырының құрылысы аяқталып, 4 685 тұрғынға газға қосылуға мүмкіндік жасалды.
Өңір басшысы «Дарбаза – Мақтаарал» теміржолы мен Сарыағаш айналма жолының құрылысына да тоқталды. Теміржолды биыл аяқтау, ал айналма жолды 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Кездесу барысында тұрғындар жол, ауыз су және басқа да әлеуметтік мәселелерді көтерді. Нұралхан Көшеров жауапты мамандарға айтылған ұсыныстарды назарға алып, мәселелердің заң аясында шешілуін қамтамасыз етуді тапсырды.