«Пиноккио» ертегісі алғаш рет қазақшаға толық аударылды
Астанада италиялық жазушы Карло Коллодидің әйгілі «Пиноккионың басынан кешкен оқиғалары» кітабының қазақ тіліндегі тұңғыш толық басылымы көпшілікке таныстырылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Балалар әдебиетінің жауһарына айналған шығарма алғаш рет итальян тіліндегі түпнұсқасынан тікелей қазақшаға аударылды. Кітап жазушы Карло Коллодидің туғанына 200 жыл толуы қарсаңында жарық көріп отыр.
Елордада өткен тұсаукесерге Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли, Италияның Қазақстандағы елшісі Антонелло Де Риу, Алматыдағы Италия мәдениет институтының директоры Эдоардо Кризафулли, жазушының 200 жылдық мерейтойын атап өту жөніндегі Ұлттық комитет төрағасы Джордано Бруно Герри қатысты. Сондай-ақ баспагерлер, жобаны қолдаған ұйымдардың өкілдері мен кітапсүйер қауым жиналды.
Жиында сөз сөйлеген Рустам Әли елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, балалар әдебиетін өркендету және әлемдік шығармаларды қазақ оқырманына жақындату бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Вице-министр Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын жүзеге асыру аясында баспа ісі мен көркем аудармаға айрықша көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, «Пиноккионың басынан кешкен оқиғалары» шығармасының ана тілімізде толық жарық көруі – балалардың кітапқа қызығушылығын арттырып, әлем әдебиетін қазақ тілінде оқуға жол ашатын маңызды бастама.
Жаңа басылымды Steppe & World Publishing баспасы әзірледі. Жоба Италияның Қазақстандағы елшілігі, Алматыдағы Италия мәдениет институты және ForteBank қолдауымен жүзеге асты.
Айта кетейік, Steppe & World Publishing 2018 жылдан бері балалар мен ересектерге арналған 200-ден астам кітап басып шығарған. Баспа әлем әдебиетінің танымал туындыларын қазақ тіліне аударып, отандық оқырманға ұсынумен айналысып келеді.
«Пиноккионың басынан кешкен оқиғалары» кітабының қазақ тіліндегі толық нұсқасының жарық көруі Қазақстан мен Италия арасындағы мәдени байланысты нығайтып, жас оқырмандардың әлем әдебиетімен ана тілінде танысуына мүмкіндік береді.