BASPASOZТолық нұсқа
Аймақ

Семейде журналистер этносаралық келісім мәселесін талқылады

Дана Зарылханқызы
https://t.me/madenietaqparat
Бөлісу Telegram

Семей қаласында этносаралық келісімді нығайтудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне арналған Журналистер клубының кеңейтілген отырысы өтті. Жиында ақпарат тарату жауапкершілігі, жалған мәліметпен күрес және журналистикада жасанды интеллектіні пайдалану мәселелері көтерілді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханада ұйымдастырылған басқосуға ішкі саясат саласының мамандары, «Қоғамдық келісім» мекемелерінің өкілдері, журналистер, медиасарапшылар, блогерлер мен баспасөз қызметкерлері қатысты.

«Этносаралық қатынастар саласының жаңа архитектурасы: БАҚ рөлі» тақырыбында өткен кездесуде қатысушылар қоғамдағы татулық пен өзара түсіністікті сақтауда журналистерге жүктелетін жауапкершілікке тоқталды. Әсіресе этносаралық мәселелерді қозғағанда ақпараттың шынайылығын тексеру, оқиғаны біржақты көрсетпеу және жұртшылыққа дұрыс жеткізу маңызды екені айтылды.

Жиын барысында журналистерге арналған тәжірибелік сабақтар да ұйымдастырылды. Мамандар медиасауаттылықты арттыру, журналистік материал әзірлеуде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану және ақпаратты көпшілікке ұсынудың заманауи тәсілдері жөнінде тәжірибе алмасты.

Сонымен қатар жалған ақпаратты анықтау, дереккөздердің сенімділігін бағалау және редакциялық шешім қабылдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесуде Журналистер клубының алдағы жұмысы да сөз болды. Қатысушылар клубты журналистер, баспасөз қызметтері мен медиасарапшылар өзара тәжірибе алмасатын, кәсіби байланыс орнататын тұрақты алаң ретінде дамыту жолдарын қарастырды.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары