ШҚТУ COP31 конференциясында ғылыми жобаларын таныстырды
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті (ШҚТУ) Антальяда өтіп жатқан БҰҰ-ның климаттың өзгеруіне арналған COP31 конференциясына қатысып, энергетика мен сирек металдарды зерттеу саласындағы ғылыми жобаларын таныстырды. Университет халықаралық сарапшылар бас қосқан арнайы сессияны ұйымдастырушылардың бірі болды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
"Энергетикалық ауысуды қамтамасыз ету: энергетикалық қауіпсіздік, ұтқырлық және критикалық минералдар" тақырыбындағы жиын Қазақстанның ұлттық павильонында өтті. Оны ШҚТУ, Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ICESCO) және RTCC бірлесіп ұйымдастырды.
Халықаралық талқылауға АҚШ, Марокко және өзге де мемлекеттердің университеттері, ғылыми орталықтары мен халықаралық ұйымдарының өкілдері қатысты. Жиында энергетикалық қауіпсіздік, қоршаған ортаға зияны аз көлік түрлерін дамыту, өндіріс үшін маңызды минералдар мен сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу мәселелері сөз болды. Сонымен қатар жоғары технологиялық өндірістерге қажетті инженер мамандарды даярлауға назар аударылды.
Шығыс Қазақстан техникалық университеті осы бағыттарда жүргізіп жатқан зерттеулерін, минералдық шикізатты өңдеуге арналған технологиялық шешімдерін және шетелдік әріптестермен бірлескен ғылыми жұмыстарының нәтижелерін таныстырды.
Қазақстандық ғалымдар титан мен бериллийді өңдеудің жаңа жолдарын зерттеп жатыр
Қазір ШҚТУ Еуропалық одақтың Horizon Europe бағдарламасы аясындағы TiBeRIUM халықаралық жобасына қатысып келеді. Жоба титан мен бериллийді өңдеу кезінде қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтатын тиімді технологиялар әзірлеуді көздейді. Бұл металдар жоғары технологиялық өндірістерде маңызды орын алады. Сондықтан оларды тиімді әрі экологиялық қауіпсіз өңдеу мәселесі халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының біріне айналған.
Аталған университет Бельгиядағы Лёвен католик университетімен (KU Leuven), Финляндияның геологиялық қызметімен (GTK), сондай-ақ басқа да шетелдік ғылыми мекемелер және өнеркәсіп орындарымен байланысын кеңейтіп жатыр.
Шығыс Қазақстанда сирек жер металдарын зерттейтін орталық ашылуы мүмкін
Халықаралық әріптестіктің болашағы зор бағыттарының бірі – Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында сирек жер элементтерін зерттейтін ғылыми орталық құру. Мұндай орталықтың ашылуы минералдық ресурстарды зерттеу, оларды өңдеу технологияларын жетілдіру және отандық ғылыми әзірлемелерді өнеркәсіпте қолдану мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталмақ.
Университеттің COP31 конференциясы аясындағы халықаралық жиынға қатысуы қазақстандық ғалымдардың шетелдік әріптестермен байланысын нығайтып, бірлескен жобаларды дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бұл бастамалар Қазақстанның ғылыми әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға және климаттың өзгеруі мен өнеркәсіпті жаңғыртуға қатысты ортақ мәселелерді шешуге үлес қосуға бағытталған.