BASPASOZТолық нұсқа
Аймақ

Шығыс Қазақстанда жаңа индустриялық аймақ ашылды

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында «EAST GATE Industrial Park» атты жаңа индустриялық аймақ құрылды. Фрунзе ауылдық округінде орналасқан өндірістік алаң кәсіпорындарды дамытуға және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға арналған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Қазір «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жаңа индустриялық аймақта жұмыс істеуге ниетті кәсіпкерлерден алдын ала өтінім қабылдап жатыр. Сонымен қатар болашақ өндіріс орындарының қажеттіліктерін анықтау үшін ұсынылған жобалар жөнінде мәлімет жиналуда. Бұл жұмыс кәсіпорындарға қанша жер қажет екенін, қандай өндірістік ғимараттар мен инженерлік желілер керектігін алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Жаңа аймақта ең алдымен машина жасау және металл өңдеу салаларына басымдық берілмек. Атап айтқанда, түрлі бөлшектер, жабдықтар, өндірістік тораптар мен агрегаттар шығаратын кәсіпорындардың жобалары қаралады.

Химия және электротехника өнеркәсібіне де ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда химиялық өнімдер, электр жабдықтары мен электр энергиясын жинақтайтын жүйелерге қажетті бөлшектер өндіру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, құрылыс және әрлеу материалдарын, құрылысқа қажетті конструкциялар мен олардың құрамдас бөліктерін шығаратын кәсіпорындар да индустриялық аймаққа орналаса алады. Өңдеу өнеркәсібінің басқа бағыттары мен өндіріс орындарына қызмет көрсететін жобаларға да мүмкіндік беріледі.

Индустриялық аймаққа тек жаңадан ашылатын кәсіпорындар ғана емес, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары да қатыса алады. Мәселен, кәсібін кеңейтуді, өнім көлемін арттыруды немесе ескірген жабдықтарын жаңартуды көздеген компаниялардың ұсыныстары қабылданады. Сондай-ақ қолданыстағы кәсіпорнын осы аумаққа көшіруге немесе бұрын сырттан әкелінетін бөлшектерді жергілікті жерде шығаруға ниетті инвесторлардың жобалары да қарастырылмақ.

Жаңа индустриялық аймақтың резиденті болуға шағын және орта бизнес өкілдерімен қатар ірі компаниялар да өтінім бере алады. Басты талап – өндірістік жобаны жүзеге асыруға мүдделі болып, инвестиция салуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға дайын болуы.

Қатысу шарттары, қойылатын талаптар және жобаларды индустриялық аймаққа орналастыру тәртібі туралы толық ақпаратты сайттан оқи аласыз: https://www.gov.kz/org/akimvko/press/news/details/1326849?lang=kk

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары