Түркі мемлекеттері ағылшын тілінен ортақ емтихан енгізуді жоспарлап отыр
Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның ұлттық тестілеу орталықтары ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалайтын бірыңғай ETOTS (English Test for Turkic States) емтиханын әзірлеу жөнінде келісімге келді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Тиісті меморандумға “Қарқынды өзгеріс әлеміндегі қабылдау емтихандары” халықаралық конференциясының екінші күні қол қойылды.
Келісім бес елдің білім беру саласындағы ынтымақтастығын кеңейтіп, ағылшын тілінен тест тапсырмаларын әзірлеу, емтихан өткізу, нәтижелерін өзара тану және сапасын бақылаудың ортақ жүйесін қалыптастыруды көздейді. Жаңа бастама халықаралық стандарттарға сәйкес келетін өңірлік бағалау құралын жасауға бағытталған. Алайда ETOTS қолданыстағы IELTS немесе TOEFL секілді халықаралық емтихандарды алмастырмайды.
“ETOTS – ағылшын тілін бағалауға арналған бірлескен емтихан ғана емес, елдеріміздің білім беру жүйелері арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған нақты қадам. Ұлттық тестілеу орталықтарының сарапшылық әлеуетін біріктіре отырып, академиялық ұтқырлыққа қосымша мүмкіндіктер ашамыз және білім сапасын бағалау саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамытамыз”, – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов.
Меморандум аясында қатысушы елдер тест тапсырмаларын бірлесіп дайындап, компьютерлік тестілеудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, емтихан нәтижелерінің дәлдігі мен сенімділігін ғылыми тұрғыдан тексеру және оларды өңірлік деңгейде тану мәселелерімен айналысады.
Болашақта бұл бастамаға өзге де түркі мемлекеттерінің ұлттық бағалау ұйымдары қосыла алады.
Конференция барысында жоғары оқу орындарына қабылдау жүйесін жетілдіруге арналған Admissions Insight Test (AIT) жобасы да таныстырылды. Ұлттық тестілеу орталығының мамандары жаңа емтиханның құрылымы, бағаланатын дағдылар, оны енгізу кезеңдері және қазіргі қабылдау тестілеуінен айырмашылықтары туралы түсіндірді.
Сонымен қатар Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жаңа емтиханға байланысты мемлекеттік білім беру стандарттары мен оқу бағдарламаларын жаңарту бағытындағы жұмыстары таныстырылды.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай бастамалар түркі мемлекеттері арасындағы білім беру байланыстарын нығайтып, студенттердің академиялық ұтқырлығын арттыруға және білім сапасын бағалаудың заманауи тәсілдерін дамытуға мүмкіндік береді.