Түркістанда 100-ге жуық оқушы ғылыми жобаларын таныстырды
Түркістан қаласында жас зерттеушілердің басын қосқан «Туған өлке тағылымы» II өңірлік ғылыми конференциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Ғылыми жиын «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мен Түркістан қалалық білім бөлімінің бірлескен бастамасымен «Ясауитану» клубының қызметі аясында өтті.
Конференцияның ашылуында қала әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, музей-қорық басшысы Ерлан Дәкенов және философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай сөз сөйлеп, жас буынның ғылыми ізденіске қызығушылығын арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Іс-шараға Түркістан мен Кентау қалаларынан, сондай-ақ Отырар және Сауран аудандарындағы білім беру ұйымдарынан 100-ге жуық оқушы қатысты.
Жас ғалымдар Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы, туған өлкенің тарихы, мәдени ескерткіштерді сақтау, музей ісі, туризм, әдебиет, фольклор және экология тақырыптарын қамтыған зерттеу жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды.
Конференцияның басты мақсаты – оқушылардың ғылыми әлеуетін дамыту, тарихи-мәдени құндылықтарға қызығушылығын күшейту және туған жердің бай мұрасын зерттеуге ынталандыру.
Ғылыми басқосу нәтижесінде қатысушылардың зерттеу мақалалары арнайы электрондық жинаққа енгізілді.
Шара соңында музей-қорық директоры Ерлан Дәкенов пен оның орынбасары Нұрлан Дүкенбаев жас зерттеушілерге ізгі тілектерін білдіріп, қатысушыларды сертификаттармен және естелік сыйлықтармен марапаттады.