Ұлытау облысында вакцинация мен кадр тапшылығы мәселесі көтерілді
Ұлытау облысында санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысын жетілдіру, тұрғындарды жұқпалы аурулардан қорғау және саладағы маман тапшылығын шешу мәселелері талқыланды. Бұл бағыттағы міндеттер Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы С. Бейсенованың өңірге жұмыс сапары барысында қаралды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Комитет басшысы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлерімен кездесіп, мекеменің қазіргі жұмысы мен алдағы жоспарларын талқылады. Жиында басты назар тұрғындарды жұқпалы аурулардан қорғау шараларына аударылды. Атап айтқанда, балалар мен ересектердің профилактикалық екпелерді уақытылы алуын қамтамасыз ету мәселесі көтерілді.
С. Бейсенова вакцинацияның халық денсаулығын сақтаудағы маңызын атап өтіп, жұқпалы аурулардың кең таралуына жол бермеу үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру және оны тұрақты деңгейде ұстап тұру қажет екенін айтты. Әсіресе, инфекциялық ауруларға осал топтарды қорғауға басымдық беру керектігіне тоқталды.
Кездесуде санитариялық-эпидемиологиялық қызметті цифрландыру мәселесі де сөз болды. Сала жұмысының тиімділігін арттыру үшін заманауи технологияларды кеңінен қолдану қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – білікті мамандар тапшылығы талқыланды. Қатысушылар кадр жетіспеушілігін кезең-кезеңімен шешу жолдарын қарастырды.
Жұмыс сапарының қорытындысында комитет төрағасы Ұлытау облысындағы санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің сапасын арттыруға, вакцинация жұмыстарын күшейтуге және ұйымдастырушылық мәселелерді реттеуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.