Жетісайда 650 млн теңгеге бес өндірістік цех ашылады
Түркістан облысының Жетісай ауданында жалпы құны 650 млн теңге болатын бес жаңа өндірістік цех іске қосылмақ. Асықата кентінде салынып жатқан кәсіпорындарда 90-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Ауданда жергілікті кәсіпкерлікті қолдау және өндіріс көлемін арттыру мақсатында шағын өндірістік парктің екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстармен және жобаның жүзеге асу барысымен танысты.
Жаңа өндірістік кешенге бір гектар жер бөлінген. Жобаны іске асыруға қажетті 650 млн теңге жеке инвесторлар есебінен қарастырылған. Өндірістік паркте күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерін шығаратын бес кәсіпорын жұмыс істейтін болады. Атап айтқанда, мұнда макарон өнімдерін дайындайтын цех, наубайхана, сүт өнімдерін өндіру және консервілеу орындары, сондай-ақ жеміс-жидек пен көкөністі сублимациялық әдіспен кептіретін кәсіпорын ашылады.
Жаңа нысандар жергілікті шикізатты өңдеуге, тұрғындарды отандық өнімдермен қамтамасыз етуге және шағын бизнестің дамуына мүмкіндік бермек.
Құрылыс жұмыстары биыл тамыз айында басталған. Жоспар бойынша барлық нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Кәсіпорындар толық іске қосылғаннан кейін 90-ға жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмысқа орналасады деп күтілуде.
Айта кетейік, Асықата кентіндегі өндірістік парктің алғашқы кезеңінде де бірнеше жоба жүзеге асырылған. Олардың жалпы құны 210 млн теңгені құрайды. Атап айтқанда, құрама жем дайындау, темір бұйымдарын дәнекерлеу, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру, кір сабын, сусабын, әжетхана қағазы мен майлықтар шығару бағытындағы өндірістер қолға алынған.
Жаңа кәсіпорындардың ашылуы Жетісай ауданындағы өндіріс көлемін ұлғайтып, тұрғындардың жұмыспен қамтылуына және жергілікті экономиканың дамуына ықпал етеді деп күтілуде.