30 жыл бойы құрбы болған екі әйел туған әпкелі-сіңлі болып шықты
Үндістанда дүниеге келіп, кейін Нидерландтағы екі бөлек отбасы асырап алған Мина Гелтинк пен Минал Тейссен 30 жылдан астам уақыт бір-бірін жақын құрбы деп келген. Алайда ДНҚ тесті олардың шын мәнінде туған әпкелі-сіңлі екенін көрсетті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
BBC мәліметінше, Мина мен Минал 1980-жылдардың басында Мумбайдағы екі түрлі балалар үйінен бірнеше ай айырмашылықпен асырап алынған.
Екеуі алғаш рет жасөспірім шағында асырап алынған балаларға арналған кездесуде танысқан. Сол сәттен бастап олардың бір-біріне қатты ұқсайтыны айналасындағылардың назарын аударған.
Мина кейін Миналдың мұрны мен күлкісі өзіне қатты ұқсайтынын байқағанын еске алады. Осы кездесуден кейін олар байланысын үзбей, бірнеше жыл бойы хат жазысып, бір-бірін әзілдеп «әпкем» және «сіңлім» деп атап жүрген.
Олар мектеп, музыка, достары мен жеке өмірі туралы жиі сырласқан. Тіпті екеуінің де Backstreet Boys тобын ұнататыны белгілі болған.
Алайда шамамен 15 жыл бұрын олардың араласуы тоқтаған. Минал Францияға көшіп кеткен, ал Мина отбасын құрып, бала тәрбиесімен айналыса бастаған.
2017 жылы Мина ДНҚ арқылы туыстарды іздеуге болатынын біліп, тест тапсырған. Бірақ сол кезде ешқандай сәйкестік анықталмаған.
2026 жылдың мамырында Минал Facebook арқылы Минаға хабарласып, өзінің ДНҚ тестінің нәтижесін жіберген. Мина нәтижені тексерген кезде жүйеде олардың «толық әпке-сіңлі» екені көрсетілген.
"Нәтижеде "туыс" деген жазу тұрды. Бұл біздің туған әкеміз де, туған анамыз да бір екенін білдіреді", – деді Мина.
Ол бұл жаңалықты білген сәтте қатты толқып, көзіне жас алғанын айтқан.
"Біз бір-бірімізді бұрыннан "әпке-сіңлі" деп атайтынбыз. Сөйтсек, шынымен де апалы-сіңлі екенбіз", – дейді ол.
ДНҚ нәтижесінен кейін екі әйел қайта кездесіп, бір-бірінің отбасыларымен танысқан. Қазір олар жиі сөйлесіп, мінезі, қимылы және сөйлеу мәнерінде де көптеген ұқсастық барын байқап жүр.
Мина қазір үш баланың анасы. Ал 44 жастағы Минал Францияда серіктесі және екі ұлымен бірге тұрады. Енді туған әпкелі-сіңлі атанған екі әйел бірге Үндістанға барып, өздері дүниеге келген Мумбай қаласын аралауды жоспарлап отыр.