Данияда оқушыларға ұялы телефон пайдалануға тыйым салынады

Данияда оқушыларға ұялы телефон пайдалануға тыйым салынады
ЖИ арқылы жасалды

Данияда 2027-2028 оқу жылынан бастап оқушыларға мектепте ұялы телефон және интернетке қосылатын жеке электронды құрылғыларды пайдалануға тыйым салынбақ. Ел үкіметі бірқатар саяси партиямен осы жөнінде келісімге келді, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа талап негізгі мектеп оқушыларына, 10-сынып оқушыларына және мектептен тыс білім беру мекемелеріне қолданылады. Балаларға сабақ кезінде ғана емес, үзілісте де ұялы телефон пайдалануға рұқсат берілмейді. Сонымен қатар мектептер өздерінің интернет желісінде білім алуға қатысы жоқ сайттарды бұғаттауға міндеттеледі. Олардың қатарында әлеуметтік желілер, онлайн ойындар мен интернет-дүкендер бар.

Жаңа талаптың орындалу тәртібін әр мектептің директоры өзі белгілейді. Мәселен, оқушылардың телефонын таңертең жинап алу немесе құрылғыны өшіріп, сөмкеде сақтау тәртібі енгізілуі мүмкін. Бұған дейін, 2025 жылы Данияда үшінші сыныпқа дейінгі оқушыларға ғана ұялы телефон пайдалануға тыйым салу жөнінде келісім жасалған еді. Енді бұл шектеу жоғары сынып оқушыларын да қамтымақ. Тиісті заң жобасын парламенттің қазіргі сессиясында қарауға ұсыну жоспарланған.

Данияның білім министрі Магнус Хойникенің айтуынша, балалар әлеуметтік желілерге, онлайн ойындар мен интернет-дүкендерге алаңдамай, білім алуға мүмкіндік алуы керек. Депутаттар жаңа талап арқылы оқушылардың сабаққа зейін қоюына, бір-бірімен жүзбе-жүз араласуына және мектептегі оқу ортасының жақсаруына жағдай жасауды көздеп отыр.

Айта кетейік, мұндай шешім оқушылардың білім деңгейін бағалайтын PISA халықаралық зерттеуінің соңғы нәтижелері аясында қабылданған. Зерттеу Дания оқушыларының білім көрсеткіштері төмендегенін анықтаған.