Ауғанстанның Бадахшан провинциясында алтын өндірумен айналысқан жұмысшылар қар көшкінінің астында қалды. Салдарынан екі адам қаза тауып, тағы алтауы жарақат алды, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға елдің солтүстігіндегі Арганджхва ауданында болған. Таулы аймақта алтын қазып жүрген жұмысшылардың үстіне қар көшкіні түскен.
Бадахшан провинциясы полициясының өкілі Эхсанулла Камгардың айтуынша, оқиғадан кейін жергілікті билік зардап шеккендерді құтқару үшін тікұшақ жұмылдырған.
Құтқарушылар қаза тапқан екі адамның денесін және жарақат алған алты жұмысшыны Бадахшан провинциясының әкімшілік орталығы Файзабад қаласындағы ауруханаға жеткізді.
Әзірге жарақат алғандардың жағдайы мен қар көшкінінің нақты неден болғаны туралы қосымша мәлімет жарияланған жоқ.