АҚШ-тың Бруклиндегі федералдық соты Қытайдың Huawei телекоммуникациялық компаниясын коммерциялық құпияны ұрлау және Иранға қатысты америкалық санкцияларды айналып өту бойынша кінәлі деп таныды, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сот талқылауы 11 аптаға созылып, алқабилер шешім қабылдауға тағы бір апта жұмсаған. Нәтижесінде Huawei компаниясы тағылған 12 айыптың 10-ы бойынша кінәлі деп танылды. Олардың қатарында банк саласындағы алаяқтық, коммерциялық құпияны ұрлау мақсатында сөз байласу және АҚШ мүддесіне нұқсан келтіретін алаяқтық әрекеттер бар. Алайда алқабилер компанияны қылмыстық әрекет жүргізу мақсатында сөз байласу және сот төрелігіне кедергі келтіру бойынша ақтады.
Прокуратураның мәліметінше, Huawei басшылығы қызметкерлерін америкалық және басқа да шетелдік кәсіпорындардың зияткерлік меншігін ұрлауға итермелеген. Зардап шеккен компаниялардың қатарында T-Mobile, Cisco және өзге де кәсіпорындар бар. Айыптаушы тараптың айтуынша, заңсыз жолмен алынған мәліметтер қытайлық компанияға бәсекелестерінің өнімдеріне ұқсас тауар шығарып, оларды арзан бағамен сатуға мүмкіндік берген.
Huawei өкілдері алқабилердің шешімін негізсіз деп санайтынын мәлімдеді. Компанияның адвокаты сот шешіміне шағым түсіретінін жеткізді.
Айта кетейік, АҚШ-та Huawei компаниясына қатысты шектеулер 2019 жылдан бері қолданылып келеді. Батыс елдерінің арнайы қызметтері компанияның телекоммуникациялық жабдықтары Қытайдың пайдасына тыңшылық жасау үшін пайдаланылуы мүмкін деп күдіктенеді. Алайда Huawei бұл айыптауларды жоққа шығарып келеді.
Бұған дейін АҚШ-тың экспорттық шектеулері мен Қытайдың төл технологияларын дамытуы нәтижесінде Huawei жасанды интеллект чиптерінің Қытай нарығындағы үлесі бойынша Nvidia компаниясымен теңесе жаздағаны хабарланған еді.