АҚШ соты студенттер мен журналистерге қатысты шектеуді тоқтатты
АҚШ-та федералды сот шетелдік студенттер мен журналистердің елде болу мерзімін қысқартатын жаңа ереженің күшіне енуін уақытша тоқтатты. Шешімді Бостондағы федералды округтік соттың судьясы Ф. Деннис Сейлор шығарды, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сот АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі ұсынған F, J және I санатындағы визаларға қатысты жаңа талаптың орындалуын тоқтатты. Сот шешімі ереже күшіне енуіне бір күн қалғанда шығарылған. Іс бойынша бірқатар кәсіподақтар мен жоғары оқу орындарының ұйымдары талап-арыз берген.
Бұған дейін АҚШ билігі аталған үш санаттағы визалардың қолданылу мерзімін шектеуді жоспарлаған еді. Жаңа тәртіп бойынша шетелдік студенттер мен алмасу бағдарламасына қатысушылар АҚШ-та төрт жылдан артық бола алмайтын, ал журналистерге елде болу мерзімі 240 күнмен шектелмек.
Судьяның пікірінше, мұндай өзгеріс АҚШ-та білім алып, зерттеу жүргізетін шетелдіктер мен журналистердің санын айтарлықтай азайтуы мүмкін. Сонымен қатар ірі университеттер жүздеген миллион доллар көлемінде қаржылық шығынға ұшырауы ықтимал.
Сот құжаттарында Ішкі қауіпсіздік министрлігі жаңа талапты ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және алаяқтықпен күресу қажеттілігімен түсіндіргені айтылған. Алайда ведомство ықтимал тәуекелдерді толық бағалап, азаматтарға аз салмақ түсіретін балама жолдарды қарастыру жөніндегі заң талаптарын орындамаған.
Сейлор АҚШ-тың шетелдік студенттерге қатысты шамамен 50 жыл бойы қолданып келген жүйесі жаңа ережемен түбегейлі өзгеретінін атап өтті. Бұған дейін студенттер мен зерттеушілерге визалар олардың елдегі заңды мәртебесі сақталған мерзімге беріліп келген.
Сот мәліметінше, қазір АҚШ-та шамамен 1,6 миллион F визасының және 500 мың J визасының иесі бар. MIT пен Гарвард сияқты ірі зерттеу университеттерінде шетелдік магистранттар мен зерттеушілердің үлесі жоғары.
Айта кетейік, қыркүйек айының басынан бері АҚШ әлемдегі елшіліктері мен консулдықтарында иммиграциялық визалар бойынша сұхбатқа жазылуды уақытша тоқтатты. Алайда туристік, студенттік, іскерлік және басқа да иммиграциялық емес визалар бұл шектеуге кірмейді.-