АҚШ-та өлім жазасын 40 жыл күткен ер адам бостандыққа шығады
АҚШ-тың Юта штатында 1985 жылы жасалған кісі өлімі үшін өлім жазасына кесіліп, 40 жылдан астам уақыт түрмеде отырған 71 жастағы Дуглас Стюарт Картер кепілмен босатылады. Бұған жаңадан жүргізілген ДНҚ сараптамасының нәтижесі себеп болған, деп Baspasoz.kz тілшісі Informburo.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Картер Прово қаласы полиция басшысының туысы Ева Олесенді өлтірді деп айыпталған. Алқабилер оны кінәлі деп танып, сот өлім жазасына кескен. Алайда Картер осы жылдар бойы кінәсіз екенін айтып келген. Оның сөзінше, тергеу кезінде қысым жасалып, қылмысты мойындауға мәжбүр болған.
2025 жылы Юта штатының Жоғарғы соты тергеу барысында заң бұзылғанын алға тартып, істі қайта қарау туралы шешім шығарды. Тергеу кезінде Картердің қылмыс орнында болғанын дәлелдейтін заттай айғақ табылмағаны да белгілі болды.
Айыптау негізінен екі куәгердің сөзіне сүйенген. Олар Картердің Ева Олесенді өлтіргенін айтып мақтанғанын мәлімдеген. Кейін екі куәгер де бұрынғы жауаптарынан бас тартқан. Енді қылмыс орнынан алынған биологиялық үлгілерге қайта жүргізілген сараптама олардың Картердің ДНҚ-сымен сәйкес келмейтінін көрсетті. Юта штатының судьясы Дерек Пуллан жаңа сараптама нәтижелері Картерге тағылған айыптың негізділігіне қатысты күмәнді күшейткенін мәлімдеді.
Бостандыққа шыққаннан кейін Картер GPS-білезік тағып жүруге міндетті болады.
Оның адвокаты Нил Гамильтонның айтуынша, Картер ұлының отбасы тұратын жерге жақын орналасқан ұзақ мерзімді күтім мекемесіне орналастырылады. Картердің ұлы сәби кезінде басқа отбасыға асырап алуға берілген. Адвокат ұзақ жылдарға созылған қамаудың салдарынан Картерге психологиялық және әлеуметтік бейімделуге бағытталған көмек қажет екенін айтты.
Ал қаза тапқан Ева Олесеннің отбасы Картердің босатылуына алаңдайтынын жеткізді. Олар іс бойынша жаңа сот талқылауы өтеді деп үміттеніп отыр.