Әлемдік нарықта мұнай бағасы арзандады
15 қазан күні таңертең әлемдік нарықта мұнай бағасы төмендеді. Brent, WTI және Urals маркалы мұнайдың барлығы арзандаған, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Сауда деректеріне сүйенсек, Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 1,85 долларға немесе 1,74 пайызға арзандап, 104,21 доллар болды.
Ал WTI маркалы мұнайдың бағасы 1,34 долларға (1,41 пайыз) төмендеп, барреліне 93,75 долларды құрады.
Ресейлік Urals мұнайы да арзандады. Оның бір баррелі 2,79 долларға немесе 2,31 пайызға төмендеп, 118,15 доллардан сатылып жатыр.
Мұнай бағасының құбылуына Таяу Шығыстағы шиеленіс пен шикізат тасымалына қатысты алаңдаушылық әсер етіп отыр. Аймақтағы жағдайдың ушығуы теңіз арқылы мұнай жеткізудің қауіпсіздігіне қатысты күмәнді күшейткен.
Бұған дейін АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иранның Ормуз бұғазын бақылауға алғаны туралы мәлімдемесін жоққа шығарған еді. Америкалық әскерилердің мәліметінше, дүйсенбі күні АҚШ аймақтағы серіктестеріне 19 миллион баррельден астам шикі мұнайды бұғаз арқылы тасымалдауға көмектескен.
Сонымен қатар Ресейден АҚШ-қа дизель отынын жеткізу көлемі артуы мүмкін. АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, Ресей жақын арада 300 мың тоннадан астам дизель отынын жөнелтуі тиіс. Қараша айында тағы 500 мың тонна, одан кейін қосымша 1 миллион тонна жеткізу жоспарланып отыр.
Мұнай нарығындағы алдағы өзгерістер Таяу Шығыстағы жағдайға және халықаралық тасымал жолдарының қауіпсіздігіне байланысты болмақ.