Америкалық үш БАҚ Трамп әкімшілігін сотқа берді
CNN, Politico және MS NOW америкалық президент Дональд Трамптың әкімшілігіне қарсы сотқа шағым түсірді. Бұл туралы Reuters мәлімдеді, деп Baspasoz.kz тілшісі Informburo.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін, 18 қыркүйекте Трамп аталған үш медианың журналистерін Ақ үй аумағына кіргізбеу туралы шешім қабылдаған. Президент олардың редакцияларын жалған ақпарат таратты деп айыптаған.
Келесі күні үш басылымның тілшілері Ақ үй кешеніне кіре алмаған. Олардың тұрақты аккредитациялары да жойылған.
Медиа өкілдері әкімшіліктің бұл шешімі АҚШ Конституциясының Бірінші түзетуімен қорғалатын сөз және баспасөз бостандығына қайшы келеді деп санайды. Редакциялар сотқа жүгінетіні туралы үкіметке алдын ала хабарлаған. Іс бойынша соттың шұғыл отырысы осы аптада өтуі мүмкін.
20 қыркүйекте Дональд Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында жасанды интеллект көмегімен жасалған Ақ үйдің суретін жариялады. Суретте ғимарат алдында Politico, CNN және MSNBC логотиптері бейнеленген үш қара қоқыс қабы жатыр. MSNBC кейіннен атауын MS NOW деп өзгерткен.
Ақ үй өкілдері әзірге медиалардың сотқа берген шағымына қатысты пікір білдірмеді.