Астанада колледждердің 100 үздік студенті марапатталды
Елордада "Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті" республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды. Жастар кәсіби жетістіктері, қоғамдық белсенділігі және тың жобалары үшін марапатталды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жүз жеңімпаздың 35-і инженерлік және техникалық мамандықтар бойынша білім алады. Олардың қатарында құрылыс, электромеханика, технологиялық процестерді автоматтандыру, электр жабдықтары, токарлық іс және интерьер дизайны бағыттарында оқитын студенттер бар. Үздік студенттердің 23-і ақпараттық технологиялар, 27-сі педагогика саласын таңдаған. Тағы 15 жеңімпаз ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, медицина және өнер мамандықтары бойынша білім алып жатыр.
Марапаттау рәсіміне Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Құрылтай депутаттары Айжан Наимбекова, Нұргүл Тау, Ирина Тен, Дидарбек Ділдәбек және білім беру саласының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында студенттер өз колледждері мен өңірлерін дамытуға бағытталған инновациялық, әлеуметтік және кәсіби жобаларын таныстырды. Сондай-ақ қатысушыларға арналған шеберлік сабақтары мен тренингтер өткізіліп, арнайы номинациялардың жеңімпаздарына жүлделер табысталды. Байқауды ұйымдастыруға KidsGo Technology Ltd, "1С Қазақстан", "Комек машинери Казахстан", Samruk Business Academy, DOSTI және CAES компаниялары қолдау көрсетті.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылды "Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы" деп жариялады. Осы орайда құрылыс пен техникалық салаларға білікті мамандар даярлауда колледждердің маңызы артып келеді.