Алматы облысында кітап оқу мәдениетін дамыту талқыланды

Алматы облысында кітап оқу мәдениетін дамыту талқыланды
https://t.me/madenietaqparat

Алматы облысында тұрғындарды кітап оқуға ынталандыру, кітапханалардың жұмысын жандандыру және жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Облыстық орталық әмбебап кітапханада «Зерделі ұлт және кітап оқу мәдениеті: жаңа міндеттер мен басымдықтар» атты кездесу өтті. Жиын Президенттің кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған Жарлығын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының мамандары, зиялы қауым өкілдері мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Олар қоғамда кітап оқуды кеңінен насихаттау және оқырмандар санын көбейту жолдарын талқылады.

Кездесуде «Зерделі ұлт» тұжырымдамасының негізгі бағыттарына тоқталып, кітапханаларды тек кітап сақтайтын орын емес, халықтың білімін жетілдіретін әрі мәдени дамуына ықпал ететін орталық ретінде дамыту қажеттігі айтылды. Әсіресе жас ұрпақтың кітапқа қызығушылығын ояту, оқырман мен кітапхана арасындағы байланысты нығайту және кітапханалардың қызметін заман талабына сай жетілдіру мәселелеріне назар аударылды.

Жиын соңында қатысушылар кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және кітапханалардың қоғамдағы рөлін күшейту жөнінде өз ұсыныстарын ортаға салды.