Бектенов фармацевтика саласына бақылауды күшейтуді тапсырды

Бектенов фармацевтика саласына бақылауды күшейтуді тапсырды
https://t.me/KZgovernment

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында отандық фармацевтика өнеркәсібін дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді. Үкімет басшысы жаңа өндіріс орындарын уақытында іске қосу, инвесторлардың міндеттемелерін орындауын қадағалау және дәрі-дәрмек сатып алуға жұмсалатын бюджет қаражатын тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Денсаулық сақтау министрлігіне фармацевтика саласындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды. Атап айтқанда, инвесторлардың келісімде көрсетілген мерзімдерді сақтауы, қаржы құюы, өндіріс орындарын іске қосуы және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар шығаруы қадағалануға тиіс.

Өңір әкімдіктері де бұл жұмысқа белсенді атсалысуы қажет. Олар Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, әрбір инвестициялық жобаның жүзеге асуына жағдай жасап, жер телімдерін бөлу мен қажетті инфрақұрылым тартуға қатысты мәселелерді дер кезінде шешуі керек. Сонымен қатар жобалардың белгіленген кестеден кешікпеуі бақылауға алынады.

Үкімет басшысы дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сақтау және өңірлерге жеткізу жүйесін жетілдіруге де назар аударды. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторының қоймаларын салу жобаларын жеделдетуге қолдау көрсету міндеттелді.

Бұдан бөлек, бюджет шығындарын қысқарту және мемлекеттік сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында өңірлер Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тізімдегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тек «СҚ-Фармация» арқылы сатып алуға тиіс.

«Барлық мемлекеттік органдар отандық фармацевтика өнеркәсібін дамытуға белсенді түрде қолдау көрсетуге тиіс. Орталықтың деңгейінде шешімді талап ететін мәселелер бойынша нақты ұсыныстарды жедел енгізу қажет», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуін талап етті. Фармацевтика саласын дамытуға қатысты тапсырмалардың орындалуын жалпы үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.