Астанада студенттерге есірткінің қауіптілігі туралы ескертілді

Астанада студенттерге есірткінің қауіптілігі туралы ескертілді
Gov.kz

Астанада жастарды есірткіге тәуелділіктен және заңсыз әрекеттерден қорғауға бағытталған профилактикалық кездесу өтті. Мамандар студенттерге есірткінің зияны мен оны заңсыз таратқаны үшін көзделген жауапкершілікті түсіндірді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Іс-шара Сәкен Сейфуллин атындағы университеттің бірінші курс студенттері үшін ұйымдастырылды. Кездесуге Астана қаласы полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің мүшелері Ернар Омаров пен Мирзада Сейтқали қатысты. Ашық диалог түрінде өткен жиында жастардың қауіпсіздігі, зиянды әдеттерден аулақ болу және дұрыс өмірлік таңдау жасау мәселелері қозғалды.

Психолог студенттерге адамның мінез-құлқына әсер ететін психологиялық факторлар туралы айтып, өзгенің теріс ықпалына ермеудің маңызын түсіндірді. Сондай-ақ қиын жағдайда саналы шешім қабылдау және өз ұстанымын қорғай білу мәселелеріне тоқталды.

Кездесуге қатысқан спортшы жастармен жеке тәжірибесін бөлісіп, мақсатқа жету үшін тәртіп, табандылық және салауатты өмір салты маңызды екенін атап өтті.

Полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына қатысудың ауыр құқықтық салдары бар екенін ескертті. Әсіресе интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жастарды заңсыз әрекеттерге тарту қаупіне ерекше назар аударылды.

Мамандар мұндай ұсыныстардың соңы қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін түсіндіріп, студенттерді күмәнді әрекеттерден сақ болуға шақырды. Жиын барысында жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандармен пікір алмасты. Қатысушылар есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және жеке қауіпсіздікті сақтау жолдарын талқылады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, жауапкершілік сезімін қалыптастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

Айта кетейік, елордада жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу шаралары "Астана – есірткісіз қала" кешенді жоспары аясында жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта білім беру ұйымдары мен қоғам өкілдерінің қатысуымен осындай кездесулер жалғасады.