Ақмола облысында бордақылау алаңының ашылуына орай Австралиядан 1 100 асыл тұқымды қой жеткізілді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Ақмола облысындағы «Ерейментау-Астық-2014» ЖШС базасында 10 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңы ашылды. Жобаны іске асыру аясында Австралиядан әуе рейсімен дорпер тұқымды 1 100 асыл тұқымды қойдың алғашқы партиясы жеткізілді.
Іс-шарада Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жобаның маңыздылығына тоқталып, оның мемлекет басшысы айқындаған міндеттерге сәйкес жүзеге асырылып жатқанын айтқан.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңызды бағыттарының бірі ретінде ет кластерін қалыптастыруды атап өтіп, осы бағыттағы жүйелі жұмыстың үлгісі ретінде біздің өңірді көрсетті.
Біздің міндетіміз – мал басын көбейтумен ғана шектелмей, асыл тұқымды мал өсіруден бастап, бордақылау, ет комбинаттарында өңдеу және дайын өнімді экспорттауға дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыру. Бұл тұжырымдаманы жүзеге асырудың негізгі бағыттарының бірі – Ерейментау ауданында Канаданың озық тәжірибесін қолдана отырып, бірыңғай өндірістік кооперация құру жобасы», – деген Ахметжанов .
Кәсіпорын жалпы саны 4 мың бас ұсақ мал сатып алуды жоспарлап отыр. Жоба «Береке» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Ақмола облысы аталған бағдарлама бойынша қомақты қаржы алған алғашқы өңірлердің бірі болды.