Бектенов Президент Жолдауын іске асыру жоспарын әзірлеуді тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауын іске асыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Үкімет басшысы Мемлекет басшысының Жолдауында ел дамуының негізгі бағыттары айқындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, Әділетті, Күшті, Таза және Озық Қазақстан құру үшін елдің экономикалық әлеуетін тиімді пайдаланып, жаңа технологиялар мен инновациялық мүмкіндіктерді кеңінен енгізу қажет.
Олжас Бектенов Президент ұсынған «Халықтық құрылыс» бағдарламасының маңызына ерекше тоқталды. Аталған бастама инфрақұрылымды жаңғыртуға, экономиканың түрлі салаларында өзгерістер жүргізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.
«Президент жариялаған ауқымды “Халықтық құрылыс” бағдарламасы экономиканың барлық саласындағы түбегейлі инфрақұрылымдық өзгерістер мен реформаларға жол ашады. Жалпыхалықтық жоба жұмыспен қамту деңгейін арттырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға үлкен серпін береді», – деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы Президент Жолдауын алдағы кезеңге арналған маңызды бағдарламалық құжат ретінде бағалап, онда белгіленген міндеттерді орындау үшін нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажеттігін айтты.
Отырыста мемлекеттік органдардың басшылары елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басым бағыттар бойынша баяндама жасап, алдағы жұмыстарды талқылады.