Беларусь астанасы Минскіде Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің орталық банктері мен қаржы реттеушілері бас қосты. Кездесуде цифрлық валюталарды енгізу, қаржылық алаяқтықтың алдын алу және қаржы нарығындағы ынтымақтастықты күшейту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
29 қазанда өткен Валюталық саясат жөніндегі консультациялық кеңестің 31-отырысына Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова бастаған делегация қатысты.
Жиынға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей орталық банктерінің басшылары да жиналды.
Кеңес барысында қатысушылар ЕАЭО елдеріндегі қазіргі экономикалық ахуалды саралап, ақша-кредит саясатының жүзеге асырылу барысын талқылады. Сонымен қатар қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау және елдер арасындағы тәжірибе алмасу мәселелеріне назар аударылды.
Цифрлық валюта мен виртуалды активтер мәселесі қаралды
Отырыстың маңызды тақырыптарының бірі қаржы саласындағы жаңа технологиялар болды. Қатысушылар цифрлық валюталарды қолданысқа енгізудің мүмкіндіктерін, оларды пайдалану жолдарын және виртуалды активтер нарығын реттеу мәселелерін талқылады.
Бұдан бөлек, қаржылық алаяқтықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлінді. Одаққа мүше мемлекеттердің өкілдері алаяқтық операцияларды анықтау және оларға тосқауыл қою бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Қаржы нарығындағы ынтымақтастық кеңейеді
Жиын соңында ЕАЭО аясындағы қаржылық ықпалдастықты нығайтуға бағытталған бірқатар келісімге қол қойылды. Бұл құжаттар одаққа мүше мемлекеттердің қаржы реттеушілері арасындағы байланысты дамытуға және бірлескен жұмысты күшейтуге арналған.
Айта кетейік, Валюталық саясат жөніндегі консультациялық кеңес – ЕАЭО елдерінің орталық банктері мен қаржы нарығын қадағалайтын органдарының ортақ мәселелерді талқылайтын кеңесші алаңы.
Кеңестің келесі отырысы 2027 жылы Ресейде өтеді.