Тоқаев: Түркі мемлекеттері ұйымы әскери одаққа айналмауы тиіс

Тоқаев: Түркі мемлекеттері ұйымы әскери одаққа айналмауы тиіс
t.me/aqorda_resmi

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының жұмысын жетілдіріп, негізгі басымдықтарын қайта қарау қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы ұйымның әскери альянсқа айналуына Қазақстан қарсы екенін тағы да мәлімдеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Президенттің айтуынша, соңғы жылдары Түркі мемлекеттері ұйымының қызметі едәуір кеңейген. Қазір құрылым 60 бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Алайда олардың арасында бірін-бірі қайталайтын салалар бар. Сондықтан ұйымның алдағы жұмысында нақты басымдықтарды белгілеп, күш-жігерді маңызды міндеттерге жұмылдыру қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше мемлекеттердің жоғары деңгейде қабылдаған келісімдерін бұлжытпай орындауы маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Түркі мемлекеттері ұйымы жанынан Тұрақты өкілдер кеңесін құру туралы ұсынысын қайталады.

"Биыл мамыр айында Түркістанда өткен ең жоғары жиында мен Түркі мемлекеттері ұйымы әскери альянс емес, болашақта да болмауы керек деп айтқан едім. Бұл – Қазақстанның ұстанымы", – деді Президент.

Тоқаев түркі елдерін ынтымақты нығайтуға шақырды

Мемлекет басшысы ұйымның одан әрі дамуы үшін мүше елдердің өзара түсіністігі мен бірлескен әрекеті маңызды екенін жеткізді. Ол қазақтың "Береке – бірлікте, ырыс – ынтымақта" деген мақалын мысалға келтіріп, ортақ мақсатқа жұмылған түркі халықтарының әлеуеті арта түсетінін айтты.

Президент бүгінгі басқосу ұйым жұмысына тың серпін беріп, мемлекеттер арасындағы байланысты тереңдететініне сенім білдірді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға былтырдан бері төрағалық еткен Әзербайжанның еңбегіне тоқталды. Оның айтуынша, Әзербайжан осы кезеңде ұйымның халықаралық беделін нығайтуға елеулі үлес қосқан.

Енді Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық ету міндеті Түркияға өтеді. Мемлекет басшысы жаңа төрағалық кезеңінде де маңызды бастамалар жүзеге асатынына үміт білдірді.

Сөз соңында Президент ұйымның Бас хатшысы қызметін атқарған Кубанычбек Омуралиевке еңбегі үшін алғыс айтып, бұл лауазымға кірісетін Мирвохид Азимовқа сәттілік тіледі. Сондай-ақ алқалы жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Түркия Президентіне ризашылығын жеткізді.