Шанхайда Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтіп, онда еліміздің даму жетістіктері мен қазақ-қытай ынтымақтастығының болашағы талқыланды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулдығы ұйымдастырған жиын Республика күніне орай өткізілді. Оған Қытайдың жетекші ғылыми мекемелері мен талдау орталықтарының өкілдері, қазақстандық жас зерттеушілер және екі елдің сыртқы саясат саласындағы сарапшылары қатысты.
Бас консул Нұрлан Аққошқаров Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы саяси және экономикалық жетістіктеріне тоқталып, Қытаймен стратегиялық әріптестіктің маңызын атап өтті.
Қытайлық сарапшылар Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларға оң баға беріп, еліміздің халықаралық аренадағы ықпалы артып келе жатқанын айтты. Олардың пікірінше, Қазақстан орта держава ретінде Еуразиядағы тұрақтылықты сақтауға және мемлекеттер арасындағы байланысты нығайтуға елеулі үлес қосып отыр.
Кездесуде цифрландыру, жасанды интеллект, бірлескен өндіріс орындарын ашу, ғылым мен білім салаларындағы әріптестікті дамыту мәселелері де сөз болды. Сонымен қатар қатысушылар Транскаспий халықаралық көлік бағытының Қытай мен Еуропа арасындағы сауда байланысын кеңейтудегі маңызын талқылады. Бұл дәліздің "Бір белдеу, бір жол" бастамасымен өзара байланысына ерекше назар аударылды.
Қытайлық ғалымдар Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас жаңа кезеңге аяқ басқанын атап өтті. Олардың айтуынша, алдағы уақытта екі елдің экономикалық, ғылыми және технологиялық ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге мүмкіндік бар.