BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Бектенов Президент Жолдауын іске асыруға қатысты тапсырма берді

Дана Зарылханқызы
https://t.me/KZgovernment
Бөлісу Telegram

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Жолдауында айтылған бастамаларды жүзеге асыру мәселесіне тоқталды. Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Олжас Бектенов Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау үшін мемлекеттік органдардың жұмысын жүйелі ұйымдастырып, әр бағыт бойынша нақты нәтижеге қол жеткізу қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасын әзірлеу тапсырылды. Құжат 2026 жылғы 3 қарашада Үкімет отырысының қарауына ұсынылуы тиіс.

Премьер-министр жоспардағы әрбір міндетке жауапты тұлғалар бекітіліп, жұмыстың нәтижесі алдын ала айқындалуы қажет екенін айтты.

Мемлекеттік басқаруда цифрлық технологиялар кеңінен қолданылуы тиіс

Үкімет басшысы реформаларды жүзеге асыруда мемлекеттік органдардың жұмыс қарқынын арттыруға және заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалануға баса мән берді.

"Президент Жолдауында көзделген барлық міндеттер мен реформаларды тиімді жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдардың жұмысы стратегиялық тұрғыдан озық қарқынмен жүруі тиіс. Мемлекеттік шешімдердің ашық әрі жедел болуы үшін экономиканың барлық саласында жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін толыққанды пайдалану қажет", – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің айтуынша, цифрлық жүйелер мен жасанды интеллектіні енгізу мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, шешім қабылдау процесін ашық әрі жедел етуге ықпал етуі тиіс.

Сондықтан Жолдауда көрсетілген бастамаларды орындау барысында жаңа технологияларды кеңінен қолдану маңызды міндеттердің бірі болмақ.

Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын жақсарту

Үкімет отырысында Олжас Бектенов мемлекеттік органдардың жұмысы нақты нәтижеге бағытталуы керектігін атап өтті. Оның сөзінше, жоспарланған реформалар азаматтардың өмір сапасын жақсартуға және ел экономикасының тұрақты дамуына ықпал етуі қажет.

"Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі жұмысымыздың басты мақсаты – азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру және еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз ету", – деді Премьер-министр.

Осылайша Үкіметке Президент Жолдауында белгіленген тапсырмаларды орындаудың нақты тетіктерін әзірлеп, жауапты органдардың жұмысын үйлестіру міндеті қойылды.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары