Дәрігерлердің құқықтарын қорғау күшейтілмек
Астанада медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесін нығайтуға бағытталған заң жобасы талқыланды. Құрылтай депутаттары «University Medical Center» (UMC) корпоративтік қорының мамандарымен кездесіп, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді қарастырды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Дөңгелек үстел барысында белгілі кардиохирург, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі, UMC басқарма төрағасы Юрий Пя заң жобасының қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ медицина мамандарының ұсыныстары ескерілетініне сенім білдірді. Құрылтай депутаты, заң жобасының бастамашысы әрі жұмыс тобының жетекшісі Дана Медеуова пациенттердің мүддесімен қатар дәрігерлердің кәсіби құқықтары да қорғалуға тиіс екенін айтты.
"Білікті, ынталы және әлеуметтік тұрғыда қорғалған мамандарсыз сапалы әрі қауіпсіз денсаулық сақтау жүйесін құру мүмкін емес", – деді депутат.
Жиында медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерін кеңейту және қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. UMC басқарма төрағасының орынбасары, кардиолог Махаббат Бекбосынова кәсіби қауымдастықтардың медициналық сараптама жүргізу мен клиникалық хаттамаларды әзірлеудегі рөліне тоқталды.
Ал педиатрия клиникалық-академиялық департаментінің директоры Татьяна Иванова-Разумова пациенттер өз міндеттерін орындамаған жағдайда дәрігерлердің жеке тұлға ретінде сотқа жүгінуіне байланысты туындайтын қиындықтарды сөз етті. Сондай-ақ UMC медициналық директорының орынбасары Тимур Қапышев ауыр жарақат немесе ауру салдарынан еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан медицина мамандарын қаржылай қорғау және олардың өмірін сақтандыру жөнінде ұсыныс білдірді.
Кездесу қорытындысында медицина қызметкерлерінің құқықтық мәртебесін нығайтуға және еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған ұсыныстар қамтылған қарар келісілді.
"Қарар жобасында заң жобасына енгізілуі мүмкін және іске асыру үшін жекелеген шешімдер талап етілетін бастамалардың ара-жігі айқындалып, нақты ұсыныстар қамтылады", – деп түсіндірді Дана Медеуова.
Айта кетейік, заң жобасын талқылауға арналған бұған дейінгі кездесулерде де дәрігерлер, сарапшылар мен кәсіби қауымдастық өкілдері осыған ұқсас мәселелерді көтерген.
Жаңа бастаманың негізгі мақсаты – медицина қызметкерлерінің кәсіби беделін арттыру, құқықтық және әлеуметтік қорғалуын күшейту арқылы халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін жақсарту.