Қазақстан Қытаймен жүк тасымалын 10 есе арттыруды көздеп отыр

Қазақстан Қытаймен жүк тасымалын 10 есе арттыруды көздеп отыр
https://t.me/kolikpress

Қазақстан мен Қытай жүк тасымалының көлемін ұлғайту және көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқылады. Премьер-министрдің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова Чэн Си бастаған қытайлық Guo JingAn компаниясының делегациясымен кездесті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кездесуде екі ел арасындағы теміржол тасымалын дамыту, Қытай аумағында жаңа теміржол желісін салу және "Орталық – Батыс" автомобиль жолы жобасын жүзеге асыру мәселелері қаралды.

Қытай аумағындағы "Нұр Жолы" өткізу пунктін кеңейту арқылы тәулігіне өтетін жүк көліктерінің санын 800-ден 1500-ге дейін жеткізу көзделген.

Сонымен қатар Қытай тарапы желтоқсанның соңына дейін Қорғас өткізу пунктінің жұмыс уақытын үш сағатқа ұзарту мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Кездесуде "Орталық – Батыс" автомобиль жолының құрылысы бойынша CITIC Group компаниясымен әріптестік орнату мәселесі де көтерілді.

Әсел Жанасова Қорғас пен Алатау қаласының базасында тауар тарату орталықтарын құруды ұсынды. Бұл Қытай тауарларын Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ, Түркия, Иран және Пәкістан нарықтарына жедел жеткізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін сертификаттау үшін Қазақстан аумағында қытайлық зертханалар ашу ұсынылды.

Қазақстан Қытаймен арадағы жүк тасымалының көлемін 10 есе ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Кездесу қорытындысында тараптар арнайы жұмыс топтарын құрып, ұсынылған жобаларды жүзеге асыру бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.