Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы жаңғыртудан өткен "Жібек жолы" және "Гишт-Куприк" өткізу пункттері қайта жұмыс істей бастады. Жаңартылған инфрақұрылым тәулігіне 100 мың адамға дейін қабылдауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Ашылу рәсіміне Қазақстанның Қаржы министрі Мәди Такиев, Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев және Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары – Экономика және қаржы министрі Жамшид Кучкаров қатысты.
2024 жылы "Жібек жолы" өткізу пункті арқылы 11 миллионнан астам адам өткен. Нысан жөндеуге жабылған кезде жолаушылар басқа бағыттармен қатынауға мәжбүр болып, көршілес өткізу бекеттеріне түсетін жүктеме артқан. Жаңғырту барысында жалпы ауданы 10 мың шаршы метрге жуық екі жолаушылар терминалы салынды. Оның бірі Қазақстанға кіретін, екіншісі елден шығатын азаматтарға қызмет көрсетеді. Автокөліктерді тексеруге арналған 6 мың шаршы метрлік арнайы қалқа салынып, кіреберістегі қозғалыс жолақтарының саны екіден алтыға дейін көбейтілді. Терминалдарда төлқұжат тексеруге арналған 82 кабина мен 20 автоматтандырылған Qgate жүйесі орнатылды. Сондай-ақ жолаушылар мен көліктерді тексеруге арналған сканерлер, рентген аппараттары және радиациялық бақылау жабдықтары қарастырылған.
"Жібек жолы" мен "Гишт-Куприк" пункттерінің бірлескен ашылуы екі мемлекет көшбасшыларының стратегиялық әріптестік пен одақтық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған саясатының жалғасып жатқанын айғақтайды", – деді Мәди Такиев.
Жаңартылған өткізу пункттері екі ел арасындағы туристік және іскерлік байланысты дамытуға, халықаралық жолаушылар тасымалын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
"Біздің басты мақсатымыз – кедендік бақылаудағы қауіпсіздік пен сенімділіктің жоғары деңгейін сақтай отырып, әрбір азамат үшін шекарадан өтуді жылдамырақ, ыңғайлырақ және болжамды ету", – деді Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев.
Айта кетейік, Қазақстанның Өзбекстан, Қытай және Түрікменстанмен шекарасындағы 10 автомобиль өткізу пункті жаңғыртылып, пайдалануға берілген. Биылғы он айда шекарадан өткен автокөліктер саны 23 пайызға артып, 1,7 миллионға жетті. Ал кедендік төлемдер мен салық түсімі 4,3 трлн теңгені құрап, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 18,5 пайызға өскен.