BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Ержан Саденов Венада халықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылады

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Қазақстанның Ішкі істер министрі Ержан Саденов Аустрияның Вена қаласында өткен БҰҰ-ның Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясына қатысушы мемлекеттер конференциясының 13-сессиясына қатысты. Жиында халықаралық қылмысқа қарсы күрес пен мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты күшейту мәселелері көтерілді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Ауқымды халықаралық басқосуға 130-дан астам елдің өкілдері жиналды. Қатысушылар ұйымдасқан қылмыс, есірткінің заңсыз айналымы, адам саудасы және киберқауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Қазақстан делегациясы конференция барысында жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, трансұлттық қылмыстың алдын алу және құқық қорғау құрылымдары арасындағы өзара іс-қимылды дамыту жөніндегі елдің ұстанымын жеткізді.

Сапар аясында Ержан Саденов бірқатар жоғары деңгейдегі екіжақты кездесу өткізді.

Атап айтқанда, министр БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының атқарушы директоры Моника Джумамен кездесті. Келіссөз барысында киберқылмысқа, есірткі саудасына және халықаралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестегі бірлескен шаралар қарастырылды.

Тараптар қараша айында Астанада БҰҰ қолдауымен ұйымдастырылатын киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық конференцияға дайындық барысына да тоқталды. Сонымен қатар Қазақстанның Ішкі істер министрі Аустрияның Федералдық ішкі істер министрі Герхард Карнермен келіссөз жүргізді.

Кездесуде көші-қон үдерістерін реттеу, құқық бұзушылықтардың алдын алу, полиция қызметіне заманауи технологияларды енгізу және кәсіби тәжірибе алмасу мәселелері сөз болды. Сондай-ақ екі мемлекеттің ішкі істер ведомстволары арасындағы әріптестікті кеңейту мүмкіндіктері қарастырылды.

Венадағы кездесулер Қазақстанның халықаралық құқық қорғау саласындағы байланыстарын нығайтуға және трансұлттық қылмысқа қарсы бірлескен жұмысты жандандыруға бағытталған. Тараптар қылмыстың алдын алу, құқық бұзған тұлғалардың жауапкершіліктен жалтармауын қамтамасыз ету және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамытуға басымдық берді.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары