Еуроодақта тұруға рұқсат алғандар саны рекорд жаңартты
2025 жылы Еуропалық одақ елдері одаққа кірмейтін мемлекеттердің азаматтарына 3,9 миллионға жуық алғашқы тұруға рұқсат құжатын берген. Бұл – мұндай дерек есепке алына бастаған 2008 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Еуростат мәліметіне сәйкес, 2024 жылмен салыстырғанда берілген рұқсат саны 10,1 пайызға немесе шамамен 355 мыңға артқан.
Тұруға рұқсат алудың ең кең тараған себебі – жұмыс. Былтыр берілген құжаттардың 33,6 пайызы еңбек ету мақсатымен рәсімделген. Тағы 28,1 пайызы отбасылық жағдайға байланысты, ал 15,5 пайызы білім алу үшін берілген.
Бір жыл ішінде жұмыс істеу үшін берілген рұқсаттар 16,1 пайызға көбейді. Отбасымен қауышу мақсатында рәсімделген құжаттар саны 14,1 пайызға, білім алуға берілген рұқсаттар 9 пайызға өскен. Ал өзге себептермен, соның ішінде халықаралық қорғауға байланысты берілген рұқсаттар 0,9 пайызға азайды.
Испания көш бастады
2025 жылы алғашқы тұруға рұқсатты ең көп берген ел – Испания. Мұнда бір жылда 635 438 құжат рәсімделген.
Одан кейін Германия – 605 292, Польша – 467 314, Италия – 433 099 және Франция – 377 462 рұқсат берген. Еуроодақ бойынша рәсімделген барлық алғашқы рұқсаттың үштен екісіне жуығы осы бес елге тиесілі.
Испания отбасылық себеппен берілген рұқсат саны бойынша да бірінші орында. Елде мұндай негізбен 275 869 құжат рәсімделген. Бұл Испанияда берілген алғашқы тұруға рұқсаттардың 43,4 пайызына тең.
Халық санына шаққанда Мальта алда тұр. Мұнда әр мың тұрғынға 57 рұқсаттан келеді. Кипрде бұл көрсеткіш – 47, Португалияда – 27. Ал Еуроодақ бойынша орташа көрсеткіш әр мың адамға тоғыз рұқсатты құрайды.
Португалияда көрсеткіш екі еседен астам өсті
Бір жылдағы ең жоғары өсім Португалияда тіркелді. Бұл елде жаңадан берілген тұруға рұқсат саны 154,9 пайызға артқан. Кейбір мемлекеттерде, керісінше, көрсеткіш төмендеді. Хорватияда алғашқы рұқсат саны 43,3 пайызға, Грекияда 20,6 пайызға, Австрияда 15,5 пайызға азайған.
Ең көп рұқсатты Украина азаматтары алған.
Еуроодақта 2025 жылы алғашқы тұруға рұқсат алғандар арасында Украина азаматтары саны жағынан бірінші орында. Оларға 335 096 құжат берілген. Бұл жалпы көрсеткіштің 8,7 пайызы. Украина азаматтарына берілген рұқсаттардың шамамен 72 пайызы Польшада рәсімделген. Келесі орындарда Үндістан мен Марокко азаматтары тұр. Үндістан азаматтарына 227 577, Марокко азаматтарына 202 054 алғашқы тұруға рұқсат берілген.
2025 жылдың соңында Еуроодақ елдерінде одаққа мүше емес мемлекеттердің азаматтарына берілген 27,8 миллион қолданыстағы тұруға рұқсат болған. Олардың басым бөлігі отбасымен қауышу мақсатында рәсімделген.
Қолданыстағы тұруға рұқсат саны бойынша Марокко азаматтары алда – 2,2 миллион. Түркия азаматтарында шамамен 2 миллион, ал Украина азаматтарында 1,7 миллион рұқсат бар.
Бұған дейін Испанияның Сеута қаласында шілде айының соңында Мароккодан шекараны заңсыз кесіп өткен 13 мыңға жуық мигрант қалып отырғаны хабарланған еді. Олардың шамамен 2,1 мыңы – кәмелетке толмағандар.