Фон дер Ляйен ЕО жоспарларын таныстырды
Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен 16 қыркүйекте Страсбургте Еуропарламент алдында Еуроодақтың қазіргі жағдайы мен алдағы жоспарлары туралы жыл сайынғы есебін жариялады, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған сөзінде ол экономиканы дамыту, қауіпсіздікті күшейту, климаттың өзгеруіне бейімделу, жасанды интеллект және халықаралық әріптестік мәселелеріне тоқталды. Фон дер Ляйен Еуроодақтың экономикадағы негізгі міндеттері ретінде бірыңғай нарықты дамыту, әкімшілік кедергілерді азайту, өнеркәсіпті күшейту және стратегиялық тәуелділікті төмендетуді атады.
Сөзіндегі маңызды ұсыныстардың бірі – Канадаға Еуроодақтың алғашқы «қауымдастырылған мүшесі» болу мүмкіндігін қарастыру. Еурокомиссия басшысы Канада премьер-министрі Марк Карнидің қатысуымен ЕО мен Канада арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді ұсынды. Тараптар қолданыстағы CETA сауда келісімінен «Болашақ үшін альянс» атты кеңейтілген әріптестікке көшуге ниетті. Оның аясында экономика, технология, қорғаныс, энергетика, маңызды минералдар және жасанды интеллект бағыттарындағы байланыстарды дамыту көзделеді.
Қауіпсіздік саласында фон дер Ляйен Канада, Ұлыбритания, Норвегия және Украина қатысатын Еуропалық қауіпсіздік кеңесін құруды ұсынды. Сондай-ақ гибридті қауіптерге жедел әрекет ететін еуропалық тетік қалыптастыру қажеттігін айтты.
Климат мәселесіне де ерекше назар аударылды. Еурокомиссия климаттық тәуекелдерден сақтандыру альянсын құруды, аптап ыстыққа қарсы еуропалық жоспар әзірлеуді және су ресурстарын қорғауға бағытталған бастаманы ұсынды.
Жасанды интеллект саласында ЕО ішінде технологияларды дамыту мен инвестиция көлемін арттыру қажеттігі айтылды. Фон дер Ляйен озық AI-модельдерін әзірлеуге қатысты қауіпсіздік мәселелерін де көтерді.
Сонымен қатар Еурокомиссия басшысы балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты жаңа ережелер енгізуді ұсынды. EU Kids Act жобасына сәйкес, 13 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу, ал 15 жасқа дейін жеке аккаунт ашуға шектеу қою қарастырылған. 13–15 жас аралығындағы балалар үшін ата-ана бақылауындағы шектеулі аккаунттар ұсынылады.
Сыртқы саясат мәселесінде фон дер Ляйен Қытаймен саудадағы теңгерімді қалпына келтіру қажеттігін айтып, Таяу Шығыстағы қақтығысты екі мемлекет құру қағидаты негізінде шешуді қолдайтынын жеткізді.
Еурокомиссия төрағасы сөзін Еуропаның өз болашағына жауапкершілікті күшейтіп, дербес әрекет ету қабілетін арттыруы қажет деген оймен қорытындылады.