Германияда темекі бағасы 12 еуроға дейін қымбаттауы мүмкін
Германияда темекіге салынатын салықты бұрын-соңды болмаған мөлшерде арттыру жоспарланып отыр. Жаңа өзгерістерге сәйкес, 2030 жылға қарай бір қорап темекінің бағасы 12 еуроға жуықтауы мүмкін, деп Baspasoz.kz тілшісі BILD-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Германия парламентінің төменгі палатасы – Бундестаг темекі өнімдеріне салынатын салықты кезең-кезеңімен көтеруді көздейтін заң жобасын мақұлдады. Бастаманы билік басындағы Христиан-демократиялық және Христиан-әлеуметтік одақтар (ХДС/ХСС), сондай-ақ Германия социал-демократиялық партиясының (СДПГ) депутаттары қолдады.
Енді құжатты федералдық жерлердің мүддесін қорғайтын Бундесрат қарауы тиіс.
Темекі қаншаға қымбаттайды?
Жоспар бойынша салық мөлшері 2027 жылдан бастап біртіндеп өседі. Қазір Германияда 20 тал темекі салынған бір қораптың орташа бағасы шамамен 8 еуроны құрайды. Ал 2030 жылға қарай оның құны 12 еуроға жуықтауы ықтимал. Кейбір темекі маркалары бұдан да қымбат болуы мүмкін.
Бұл ел тарихындағы темекі бағасының ең ірі өсімдерінің бірі болмақ. Бұған дейінгі елеулі қымбаттау 2004 жылы тіркелген. Ол кезде бір қорап темекінің бағасы 1 еуроға өскен еді.
Жаңа салық тек кәдімгі темекіге ғана емес, қолдан орап шегетін темекіге, түтікше мен қорқорға арналған темекіге, сигараларға және темекіні қыздыру құрылғыларында пайдаланылатын өнімдерге де салынады. Кейбір өнім түрлеріне салық әлдеқайда жоғары мөлшерде өсуі мүмкін.
Бюджетке 12 миллиард еуро түсуі мүмкін
Германия билігі салықты көтеру арқылы төрт жыл ішінде бюджетке қосымша 12 миллиард еуро түсіруді жоспарлап отыр.
Елдің қаржы министрі Ларс Клингбайль бұл шешімді мемлекеттік бюджетті нығайту қажеттілігімен байланыстырды. Сонымен қатар билік өкілдері темекінің қымбаттауы шылым шегетіндер санын азайтуға ықпал етеді деп есептейді.
Алайда сарапшылар мұндай қадамның кері әсері болуы мүмкін екенін ескертеді. Бағаның күрт өсуі салдарынан кейбір тұтынушылар шетелден заңсыз әкелінген арзан темекіге көшуі ықтимал. Мұндай жағдайда мемлекет күткен қосымша салық түсімдері жоспарланған деңгейге жетпеуі мүмкін.
Айта кетейік, әзірге заң түпкілікті қабылданған жоқ. Жаңа салық мөлшерлемелері күшіне енуі үшін құжатты Бундесрат мақұлдауы қажет.