АҚШ-та жұмбақ ұшу аппараты байқалды: Пентагон жаңа құжаттарды жариялады

АҚШ-та жұмбақ ұшу аппараты байқалды: Пентагон жаңа құжаттарды жариялады
ЖИ арқылы жасалды

АҚШ Қорғаныс министрлігі белгісіз ұшатын нысандарға қатысты құпиясы ашылған құжаттардың жетінші топтамасын жариялады. Онда федералдық агенттердің аспанда еш дыбыс шығармай, із қалдырмай қозғалған үшбұрышты нысанды байқағаны баяндалған, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

CBS News мәліметінше, Пентагон жариялаған жаңа топтамаға PDF форматындағы 28 құжат енген. Олардың бірінде АҚШ-тың батыс бөлігінде федералдық агенттер куә болған ерекше оқиға сипатталған.

Құжатта айтылғандай, маусым айында агенттер тау жотасының үстінен көтерілген қара түсті, үшбұрыш пішінді белгісіз аппаратты байқаған. Бұл оқиға туралы ақпарат Пентагонның аномальды құбылыстарды зерттейтін AARO басқармасы Федералдық тергеу бюросына жолдаған қызметтік жазбада көрсетілген.

Куәгерлердің сөзінше, нысанның беті күңгірт болып, жарықты шағылыстырмаған. Оның ені шамамен 2,7–4,6 метр, ұзындығы 1,8–2,7 метр, ал қалыңдығы 30–60 сантиметр болған. Ең таңғаларлығы, аппарат ешқандай дыбыс шығармай, тік бағытта баяу көтерілген. Ол жерден шамамен 60–90 метр биіктікке жеткенше қисаймаған, шайқалмаған және дірілдемеген.

Агенттер нысанды инфрақызыл құрылғы арқылы да бақылаған. Оның температурасы айналасындағы ортадан жоғары болғанымен, жылуы бүкіл бетіне біркелкі таралған. Сондай-ақ қозғалтқыштан шығатын газ немесе түтін байқалмаған. Бұдан кейін белгісіз аппарат аспанда шамамен 20 секунд қозғалмай тұрған. Артынша кенеттен әскери жойғыш ұшақтың жылдамдығына жуық екпінмен қозғалып, көзден ғайып болған.

Оқиға орнын тексеру барысында ешқандай сынық, жердегі із, түтін немесе өсімдіктердің зақымданған белгілері табылмаған.

Пентагон өкілдерінің мәліметінше, аталған оқиға қосымша зерттеуді қажет етеді. Себебі нысанның пішіні мен қозғалыс ерекшеліктері АҚШ-тың батыс өңірлерінде бұған дейін тіркелген кейбір жағдайларға ұқсайды. Әзірге мамандар аппараттың қайдан шыққанын және оның ерекше қозғалысын немен түсіндіруге болатынын анықтай алмаған.

Айта кетейік, белгісіз ұшатын нысанның тіркелуі оның өзге ғаламшардан келгенін білдірмейді. Жарияланған құжаттарда мұндай болжамды растайтын дәлел келтірілмеген.