2026 жылдың басты сөзі анықталды: Maxxing нені білдіреді?

2026 жылдың басты сөзі анықталды: Maxxing нені білдіреді?
ЖИ арқылы жасалды

Dictionary.com онлайн сөздігі 2026 жылдың сөзі ретінде «maxxing» терминін таңдады. Бұл сөз адамның өмірінің белгілі бір саласын барынша жақсартуға немесе қандай да бір істе жоғары нәтижеге жетуге ұмтылуын білдіреді, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Алғашында maxxing сөзі Reddit секілді интернет-форумдарда қолданыла бастаған. Кейін әлеуметтік желілер арқылы кең тарап, жастар арасында танымал тіркеске айналды. 2026 жылы оның қолданылу аясы ұлғайып, жеке сөз ретінде де жиі айтыла бастады.

Dictionary.com мәліметінше, бұл термин адамның өзін үнемі дамытуға, сырт келбетін, денсаулығын, жұмысындағы жетістігін және күнделікті әдеттерін жақсартуға ұмтылатын қазіргі қоғамдағы үрдісті сипаттайды. Алайда maxxing сөзінің мағынасы тек өзін жетілдірумен шектелмейді. Кей жағдайда ол адамның барлық жағынан мінсіз болуға тырысуын әзілмен немесе мысқылмен жеткізу үшін де қолданылады.

Мәселен, әлеуметтік желілерде кең тараған looksmaxxing сөзі сырт келбетті барынша жақсартуға ұмтылуды білдіреді. Ал tokenmaxxing жұмыс барысында жасанды интеллект құралдарын белсенді пайдалануға қатысты айтылады.

Тағы бір қызықты тіркес – nonnamaxxing. Бұл италиялық әжелердің өмір салтынан үлгі алып, күнделікті тұрмысты жайлы әрі пайдалы етуге ұмтылуды сипаттайды.

Сонымен қатар Dictionary.com 2026 жылдың басты сөзіне үміткер болған өзге де терминдерді жариялады. Олардың қатарында тауарлар мен қызметтердің қаржылық қолжетімділігін білдіретін affordability, деректерді өңдеу орталығы деген мағынадағы data center, ұзақ сапар немесе шытырман оқиғалар тізбегін білдіретін odyssey сөздері бар.

Сондай-ақ қысқа тізімге unc сленг сөзі енген. Жастар бұл сөзді заман ағымынан қалып қойған немесе қазіргі трендтерді түсінбейтін адамға қатысты қолданады.

Осылайша 2026 жылдың сөзі атанған maxxing қазіргі интернет мәдениетіндегі өзін дамытуға деген қызығушылықты ғана емес, адамдардың үнемі жақсырақ болуға ұмтылуына байланысты қалыптасқан қоғамдық қысымды да көрсетеді.