Франция астанасы Парижде жаппай наразылық шаралары қарсаңында әлемге әйгілі бірнеше музей уақытша жұмысын тоқтатады. Қауіпсіздік мақсатында Лувр, Орсе, Пикассо музейлері мен Гран-Пале көрме кешені 24 қазанда келушілерді қабылдамайды, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Францияның Мәдениет министрлігі мұндай шешім қалада жоспарланған ауқымды шерулер кезінде тәртіпсіздік туындауы мүмкін деген қауіпке байланысты қабылданғанын мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, басты мақсат – музейге келушілер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құнды өнер туындыларын қорғау. Министрлік өз қарамағындағы мәдениет мекемелеріне алдын ала сақтық шараларын күшейтуді тапсырды.
Парижде жағдай неге шиеленісті?
Франциядағы жағдай 17 қазанда өткен жаппай наразылықтардан кейін күрделене түсті. Тұрмыс құнының қымбаттауына қарсы және мектеп оқушыларын қолдау мақсатында ұйымдастырылған шерулер бірқатар қалада тәртіпсіздікке ұласқан. Парижде және басқа да қалаларда дүкендер тоналып, мүліктер бүлінген. Наразылық білдірушілер мен полиция арасында қақтығыстар болған.
Осы оқиғалардан кейін Франция билігі қауіпсіздік шараларын күшейтіп, алдағы шерулер кезінде полиция қызметкерлерінің санын арттыру туралы шешім қабылдады. Париждің кейбір аудандарында түнгі уақытта көшеде жүруге уақытша шектеу енгізілген. Атап айтқанда, Республика алаңы мен Ле-Аль ауданының бір бөлігінде қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Франция президенті Эмманюэль Макрон 24 қазанда тек алдын ала келісілген кәсіподақ шерулерін өткізуге рұқсат берілетінін мәлімдеді.
Халықаралық өнер жәрмеңкесі де мерзімінен бұрын аяқталады
Қауіпсіздікке байланысты Париждегі Гран-Пале кешенінде өтіп жатқан Art Basel Paris халықаралық заманауи өнер жәрмеңкесінің бағдарламасы да қысқартылды. Ұйымдастырушылар шараны жоспарланған уақыттан екі күн бұрын, 23 қазан күні кешке аяқтау туралы шешім қабылдады. Бұған қатысушылардың, көрермендердің және көрмеге қойылған өнер туындыларының қауіпсіздігі себеп болған.
Айта кетейік, 19 қазанда Париждегі өнер және мәдениет саласында білім алып жүрген студенттер Лувр музейінің кіреберісін жауып, мектеп оқушыларының наразылығына қолдау білдірген еді. Соның салдарынан музей әдеттегі уақытта жұмысын бастай алмады.
Бұған дейін 17–18 қазанда болған тәртіпсіздіктерден кейін Париж, Лилль және Ницца қалаларының кейбір аудандарында түнгі уақытта жүріп-тұруға шектеу енгізілген болатын.
Франция билігі бұл шаралар жаңа қақтығыстардың, тонау мен мүлікке зиян келтірудің алдын алу үшін қажет екенін мәлімдеді.