Германияның автокөлік өнеркәсібінде табыс төмендеді
Ernst & Young (EY) консалтингтік компаниясының зерттеуіне сәйкес, Германияның ірі автомобиль өндірушілері қаржылық көрсеткіштерінің төмендеуіне тап болды. Компаниялардың табысы азайып, пайдасы төмендеген, ал өндірістің рентабельділігі нашарлаған, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
2026 жылдың алғашқы алты айында неміс автоконцерндерінің жалпы түсімі 2,9%-ға төмендеп, шамамен 284 млрд еуроны құрады.
Бұл кезеңде әлемдегі 19 ірі автокомпанияның жиынтық түсімі 3,6%-ға өсіп, 1,048 трлн еуроға жеткен. Жапония өндірушілерінің табысы 7,9%-ға, Еуропаның өзге автоконцерндерінде 9,8%-ға, АҚШ компанияларында 4,5%-ға артқан. Қытайлық өндірушілердің көрсеткіші 0,9%-ға өскен.
Осылайша, негізгі автомобиль өндіруші елдер арасында Германия табыс өсімі бойынша соңғы орынға түсті.
Елдегі үш ірі автоконцерннің алғашқы жартыжылдықтағы жиынтық пайдасы 13 млрд еуродан асты. Бұл — 2017 жылдан бергі екінші ең төмен көрсеткіш. Бұдан нашар нәтиже тек 2020 жылы, коронавирус пандемиясы кезінде тіркелген.
EY сарапшысы Константин Галлдың айтуынша, салаға еңбек ақысы, энергия ресурстары және бюрократиялық шығындардың жоғарылығы қысым жасап отыр. Мұндай жағдай Германия аумағында автокөлік өндірудің тиімділігін төмендетуде.
Сарапшының пікірінше, осы себепті неміс автоконцерндері өндіріс үшін экономикалық тұрғыдан тартымды өңірлерге көшу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Қытай нарығы неміс автокөлік өндірушілері үшін маңызды болып қала береді. Компаниялардың басқа нарықтардағы табыс жоғалуын қысқа мерзімде Қытайсыз өтеуі қиын. Соңғы бір жылда Volkswagen, Mercedes және BMW-ның әлемдік сатылымындағы Қытайдың үлесі 28,9%-дан 23,5%-ға дейін төмендеген.
Айта кетейік, бұған дейін Италия 2027 жылдан бастап автомобильдердің басым бөлігі мен барлық мотоциклдерге салынатын салықты алып тастайтыны хабарланған еді.