Харви Вайнштейн 15 жылға сотталды
Америкалық кинопродюсер Харви Вайнштейн 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұған дейін де зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстар бойынша сотталған продюсерге үкім 23 қыркүйекте істі қайта қарау қорытындысында шығарылды, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл іс 2006 жылы телепродюсердің көмекшісі Мирьям Хейлиге жасалған қолсұғушылыққа қатысты.
2020 жылы Нью-Йорк соты осы және тағы бір эпизод бойынша Вайнштейнді 23 жылға бас бостандығынан айырған еді. Алайда ол үкімге шағым түсірді. 2024 жылы апелляциялық сот алғашқы сот талқылауында бірқатар қателік кеткенін көрсетіп, істі қайта қарауға жіберді.
2025 жылдың маусымында алқабилер Вайнштейнді бір эпизод бойынша кінәсіз деп таныды. Ал Мирьям Хейлиге қатысты іс бойынша оның кінәсі дәлелденді. Енді сот осы іс бойынша продюсерге 15 жыл түрме жазасын тағайындады.
Прокуратура Вайнштейнді 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал қорғаушы тарап оның жасы мен денсаулық жағдайын ескеруді өтінді.
Бұған дейін Калифорния соты Вайнштейнді зорлық-зомбылыққа қатысты басқа қылмыстық іс бойынша 16 жылға бас бостандығынан айырған. Продюсер бұл үкімге де шағым түсірген.
Сот отырысында Вайнштейн судьядан өзіне жеңілдік жасауды сұрады.
Сонымен қатар Ұлыбританияның Корольдік прокуратура қызметі бұған дейін Вайнштейнге 2022 жылы тағылған қолсұғушылық туралы айыптарды алып тастаған болатын.