Химия бойынша Нобель сыйлығының иегерлері анықталды
2026 жылғы химия саласындағы Нобель сыйлығы француз ғалымы Анри Каган мен жапон зерттеушісі Кенсо Соаиге табысталды. Олар асимметриялық органикалық синтез саласындағы жаңалықтары үшін марапатқа ие болды, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Швеция Корольдік ғылым академиясының шешімін Нобель комитеті 7 қазанда Стокгольмде жариялады. Париж-Оңтүстік университетінің ғалымы Анри Каган мен Токио ғылым университетінің профессоры Кенсо Соаи "асимметриялық органикалық синтездегі бейсызық әсерлер мен автокатализді ашқаны үшін" марапатталды.
Нобель комитетінің түсіндіруінше, екі ғалымның зерттеулері химия ғылымында бір ғасырдан астам уақыт бойы жауабы табылмай келген маңызды мәселені түсінуге жол ашқан. Кейбір молекулалар, соның ішінде аминқышқылдары бір-бірінің айнадағы бейнесіндей екі түрлі пішінде кездесуі мүмкін. Алайда тірі ағзаларда олардың көбіне бір ғана пішіні басым болады.
Анри Каган 1986 жылы химиялық реакцияларды басқарудың жаңа тәсілін ұсынып, молекуланың белгілі бір айна пішінін екіншісіне қарағанда әлдеқайда көп мөлшерде алуға болатынын көрсетті. Бұған дейін мұндай нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес деп есептелген.
Ал Кенсо Соаи 1995 жылы ерекше автокаталитикалық реакцияны сипаттаған ғылыми жұмысын жариялады. Кейін зерттеуші бұл бағыттағы тәжірибелерін жалғастырып, молекулалардың бір айна пішінінің басым түзілуіне әкелетін үдерістерді көрсетті. Бұл зерттеулер тірі табиғаттағы молекулалық асимметрияның қалай пайда болуы мүмкін екенін түсінуге мүмкіндік берді.
2025 жылы химия бойынша Нобель сыйлығы Сусуму Китагава, Ричард Робсон және Омар Ягиге берілген еді. Олар металлорганикалық қаңқалы құрылымдарды әзірлегені үшін марапатталды.
Биыл Нобель сыйлығының ақшалай көлемі 12 миллион швед кронын, яғни шамамен 1,06 миллион еуроны құрайды.
Нобель апталығы мұнымен аяқталмайды. 8 қазанда әдебиет саласындағы сыйлықтың иегері жарияланса, 9 қазанда Ослода Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты белгілі болады. Ал 12 қазанда Альфред Нобельді еске алуға арналған экономика саласындағы сыйлық иегері аталады.
Бұған дейін физика бойынша Нобель сыйлығы бельгиялық ғалым Фрэнсис Хальценге ғарыштан келген жоғары энергиялы нейтриноларды анықтауға қосқан үлесі үшін берілді. Ал физиология немесе медицина саласындағы сыйлық Карл Дейссерот, Петер Хегеман және Георг Нагельге жарық арқылы басқарылатын иондық арналар мен оптогенетикаға қатысты жаңалықтары үшін табысталды.